Қазақстандық өнер жұлдыздары футболдан әлем чемпионатына қатысады

Қазақстандық өнер жұлдыздары футболдан әлем чемпионатына қатысады

Маусым айының 5-14-і аралығында Ресей астанасы Мәскеуде өнер жұлдыздары арасында футболдан әлем чемпионаты өтеді. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып жатқан додаға қазақ өнер жұлдыздарынан құралған команда да қатысады.

Қазақстандық өнер жұлдыздары жеребе бойынша Бразилия, Германия және Оңтүстік Корея елінің өнер жұлдыздарымен «В» тобында өнер көрсететін болды. Бұл жарысқа әлемнің 16 құрамасы қатысады. Олар төрт топқа бөлінген. Өткен жылғы ереже сақталып қалар болса, әрбір команда әртістерден басқа 35-тен жас емес екі кәсіби футболшы мен бір танымал спортшыны (футболшы емес) қатыстыра алады.

Жеребе қорытындысы:

А тобы: Румыния, Нидерланды, Словакия, Ұлыбритания.
B тобы: Бразилия, Германия, Қазақстан, Оңтүстік Корея
С тобы: Ресей, Италия, Эстония, Словения.
D тобы: Израиль, Белорусь, Түркия, Жапония.

Айта кетейік, қазақстандық өнер жұлдыздары өткен жылы да бұл додаға қатысқан болатын. Әлем чемпионаты немесе «Арт-футбол» деп аталатын жарыс – әлемдік деңгейдегі қайырымдылық акциясы негізінде ұйымдастырылып келеді. Әншілер доп теуіп қана қоймай, бос кездерінде түрлі концерттік іс-шаралар да ұйымдастырады. Одан түскен қаражат науқас балаларды емдеуге жұмсалады.

2014 жылы бұл жарысқа көп құрамалар ережеден аттап, құрамаларының қатарына бірнеше артық кәсіби ойыншыларды алып келген еді. Десе де 90 % әншілерден құралған қазақстандық өнер жұлдыздары Англия мен Иранды ұтып, Эстониямен тең түсіп, Нидерланды мен Ресейге ғана ұтылған-ды.  

Өткен жылы қатысқан Қазақстан құрамасы:

Қақпашылар: Абдулкәрім Кәрімов (әнші), Ақылбек Досжанов (продюсер);

Қорғаушылар: Ерлан Әлімов (әнші), Мэлс Сағатұлы (әнші), Абай Жансарбаев (әнші), Медет Кежекбаев (әнші), Жанай Ғаділбек (әнші), Қазыбек Қожахметов (әнші), Кенжебек Жанәбілов (әнші), Арман Қоңырбаев (әнші), Марат Есмұратов (бұрынғы футолшы);

Жартылай қорғаушылар: Батыр Байназаров (әнші), Сұлтан Күнтуған (әнші), Ғалымжан Арыстанбекұлы (продюсер), Аян Бірбаев (әнші), Жұбаныш Жексенұлы (әнші), Әділжан Омаров (әнші), Сейітжан Дәурен (әнші), Дильен (әнші), Ілияс Харов (әнші);

Шабуылшылар: Мұқасан Шахзадаев (әнші), Рысбек Аташев (әнші), Сәкен Майғазиев (әнші), Мейрамбек Бесбаев (әнші).

Сурет: Айтжан Мұрзанов

Ө. Сансызбай