Бүгін Еуропа лигасының ширек финалдық ойындары өтеді

Бүгін Еуропа лигасының ширек финалдық ойындары өтеді

Бүгін түнде футболдан Еуропа лигасының ширек финалындағы бірінші ойындар өтеді. Ал қарымта кездесу араға бір апта салып жалғасын табатын болады.

Чемпиондар лигасының бір бәс төмен тұратын Еуропа лигасы да тартысты кездесулерге толы. Өткен маусымда бұл додада Испанияның «Севильясы» топ жарған болатын. Бұл ұжым биыл да өз атағын қорғап келеді. Бүгін түнде өз алаңында ресейлік «Зенитпен» кездеседі. Ойындағы фавориттер – алаң иелері.

Киевте «Динамо» Италияның «Фиорентинасын» қабылдайтын болады. Екі клубтың да келесі кезеңге өту мүмкіндіктері тең саналып отыр. Украиналық клуб өз алаңында жеңіске жетпесе, Флоренцияда қиын соғары сөзсіз.

Украиналық екінші бір клуб «Днепр» сырт алаңда «Брюггемен» кездеседі. Бұл ойында алаң иелері фаворит саналуда.

Германия бундеслигасында «Вольфсбург» сәтті өнер көрсетіп келеді. 1/8 финалда «Интерден» екі ойында да басым түскен. Енді тағы бір италиялық ұжым «Наполимен» кездескелі отыр. Футбол сарапшылары неміс ұжымын келесі кезеңге сүрінбей өтеді деп болжауда.

Бүгін түнде өтетін ойындар Астана уақытымен сағат 01:05-те басталады. «КТК» арнасы тікелей эфирде «Севилья» мен «Зенит» кездесуін көрермендерге ұсынатын болады. Ал киевтік «Динамо» мен «Фиорентина» кездесуінің жазба нұсқасын көрсетеді.

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай