Андрей Назаров «Барысты» баптай беретін болды

Андрей Назаров «Барысты» баптай беретін болды

Ресейлік бапкер Андрей Назаров «Барыс» хоккей клубын жаттықтыра беретін болды. Клуб басшылығы және кеңесшілер алқасы шешімімен бапкер алдағы бір маусым бойы қазақстандық клубты ойындарға бастап барады.

- «Барыс» хоккей клубының кеңесшілер алқасы Андрей Назаров шәкірттерінің өткен маусымдағы нәтижелерін сараптай келе, қанағаттанарлық деңгейде деп баға берді. Қорытындысында ресейлік маманмен 2015/2016 жылғы маусымға дейін келісімшарт мерзімін ұзартты, - деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.

Осыған дейін «Барыс» хоккей клубының президенті Нұрлан Оразбаев қызметінен босатылған болатын. Ол ресейлік ақпарат құралына берген сұқбатында, президенттік қызметтен кету себебін Андрей Назаров есімімен байланыстырған. Яғни, ол ресейлік маманмен келісімшартты жалғастыруға құлықты болмаған. Кейіннен бұл қызметке Александр Корешков тағайындалған-ды.

Айта кетейік, астаналық «Барыс» 2014/2015 жылғы маусымда Шығыс конференциясында бесінші орын алып, плей-офф кезеңіне өткен болатын. Бірақ, плей-оффта «Авангардқа» есе жіберіп алған еді. 

Сурет: eurosport.ru

Ө. Сансызбай