Қазақстан құрамасы Исландиядан ұтылды (видео)

Қазақстан құрамасы Исландиядан ұтылды (видео)

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің топтық кезеңіндегі кезекті ойынында жеңіліс тапты. Отандастарымыз «Астана-Аренада» Исландия құрамасына 0:3 есебімен ұтылды.

Ойынды Юрий Красножан жаттықтыратын қазақстандық құрама қарқынды бастаған еді. Бірақ, 10-минуттан аса қарсыластар жүйелі ойынына көшті. 20-минутта Андрей Сидельниковтың қателігі Қазақстан құрамасының қақпасына алғашқы голдың соғылуына септігін тигізді. Ойында Исландия құрамасының ардагер ойыншысы Эйдур Гудьонсен есеп ашты. Араға 12 минут сала стандартты жағдайды қонақтар тағы да сәтті пайдаланып кетті. Бұл жолы Қазақстан құрамасының қорғаушылары Биркир Бьярнасонды назардан тыс қалдырды.

13 000 аса жанкүйер жиналған кездесудің екінші таймында да аса тартысты ойын өрбіген жоқ. Қонақтар екі гол соққаннан кейін қорғанысты назарға ала ойнады. 62-минутта Ренат Абдуллиннің есепті қысқартатын мүмкіндігі болған. Бірақ, қонақтарды қақпа бағаны құтқарып қалды. Негізінен бұл ойында Юрий Красножан тегі қазақ ойыншыларды ойнатуға баса мән берген секілді. Ойыншы алмастырғанда да Ұлан Қонысбаев пен Ермек Қуантаевты алаңға ертерек шығарды. Шабуыл шебінде Дәуренбек Тәжімбетовтен гол күтті. Орталық алаңда Бауыржан Исламхан мен команда капитаны Самат Смақов өнер көрсетті. Асхат Тағыберген аса көп көзге түспесе, Азат Нұрғалиев белсенді өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.

Соңғы минутта бір гол соғуға ұмтылған Қазақстан құрамасының талпынысынан тағы нәтиже шықпады. Есесіне қарсыластардың тағы жолы болып кетті. Биркир Бьярнасонның тепкен добы Ермек Қуантаевқа тиіп, қақпа торында тулады. Ал соңғы сәтте Ренат Абдуллинді алмастырған Алексей Щеткин ойындағы гол соғуға берілген екінші мүмкіндікті мүлт жіберді.

Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің «А» тобында бақ сынап жатқан Қазақстан құрамасы 5 ойынның қорытындысы бойынша соңғы орнында қалды. Еншілерінде 1 ұпай бар. Ал Исландия құрамасы болса қоржындағы ұпай санын 12-ге жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы екі күннен кейін Ресеймен жолдастық кездесу өткізеді. Мәскеуде өтетін кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.

Қазақстан — Исландия 0:3 (0:2)
Голдар: Гудьонсен 20 (0:1), Бьярнасон 32 (0:2), Бьярнасон 90 (0:3)
Ескерту: Нұрғалиев 55, Қуантаев 70 — Скуласон 63
Қазақстан: Сидельников, Гурман (Қуантаев 67), Воротников, Абдулин (Щеткин 80), Сымақов, Суюмбаев, Логвиненко, Исламхан, Тағыберген, Нұрғалиев (Қонысбаев 56), Тәжімбетов
Исландия: Хадльдорссон, Севарссон Б., Сигурдссон, Арнасон, Скуласон А., Бьярнасон Б., Сигурдссон Г., Гуннарссон (Хадльфредссон 72), Гудмундссон, Сигторссон (Бедварссон 70), Гудьонсен (Финнбогасон 83)
Төреші: Сидиропулос (Грекия)

Ойын статистикасы:

Доп ұстау басымдығы: 50% — 50%
Соққылар: 6 — 14
Қақпаға дәл соққы: 1 — 7
Қақпа бағаны: 1 — 0
Ереже бұзу: 11 — 12
Офсайд: 0 — 1
Бұрыштама: 3 — 3
Сары қағаз: 2 — 1
Ойыншы алмасу: 3 — 3. 

Cурет: vesti.kz

Ө. Сансызбай