Вилли Монро: «Головкин қорғануды білмейді»

Вилли Монро: «Головкин қорғануды білмейді»

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының уақытша чемпионы белбеуінің иегері отандасымыз Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы атанған Вилли Монро қазақстандық боксшы туралы өз ойын жеткізді.

Америкалық боксшы Геннадий Головкинмен өтетін жекпе-жекте өзін аутсайдер санамайды. 16 мамыр күні өтетін шаршы алаңдағы жұдырықтасуда жеңіске жетіп, әлемге бір-ақ сәтте танылмақ. Оған GGG мүмкіндік берер ме екен? Бірақ, қазақстандық боксшы осыған дейінгі барлық қарсыластарын жоғары бағалаған. Өзгелер секілді «аузымен орақ орып» көрген жоқ. Ал Вилли Монро психологиялық шабуыл жасау мен өзінің іштей дайындығын бастап кетті.

- Мен өте талантты жас боксшымын. 16 мамыр күні өтетін жекпе-жекте Головкиннің қаншалықты дәрежеде екенін, өзімнің қаншалықты қауқарлы екенімді дәлелдеймін. Мен кубалық стильде жұдырықтасамын. Мексикалық стиль ұнамайды.

Қорғаныста өнер көрсететін боксшыларды көбісі қорқақ ретінде бағалайды. Ал шын мәнінде ақылдылар – солар. Мысалы, Головкинді алып қараңыздар. Ол өзіне көп соққы өткізеді, қорғануды білмейді. Ол, өзі айтпақшы «мексикалық стильде» жұдырықтасады. Әрине, өзіне соққы өткізіп, жұдырықтасқан қызық. Бірақ, Флойд Мейвезер мұндай стильдің дұрыс емес екенін алға тартады. Америкалық боксшы соның арқасында бокс тарихындағы ірі жетістікті бағындырып отыр.

Егер сіз кубалық стильде қалай жұдырықтасатынын білмейтін болсаңыз, айта отырайын. Кубалық стильде «соққы және қорғаныс» қағидасы ұстанылады. Мұны көп боксшылар қолданады. Қорғаныссыз жұдырықтасу мүмкін емес. Бұл – нағыз бокс.

Әлі маған бірнеше кездесу өткізу керек деп, мен Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізуден бас тарта алар едім. Бірақ, ешкім онымен жұдырықтасқысы келмейді. Шынын айтар болсақ, бокс әлемінде мен ешкім емеспін. Иә, бұл жекпе-жек менен гөрі Головкинге көбірек қысым түсіреді. Бар атағын қорғап қалуды көздейді. Сол үшін өзін дайындайды. Головкинге қол соғып құрмет танытамын. Бірақ, мен кез келген қарсыласты сол қолыммен тас-талқан етуге қауқарлымын, - деген Вилли Монро.

GGG мен Вилли Монро арасындағы жекпе-жек 16 мамыр күні АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Инглвуд қаласында орналасқан «The Forum» аренасында өтеді.

Айта кетейік, Геннадий Головкин кәсіпқой бокста 32 кездесу өткізіп, оның 29-ын нокаутпен аяқтады. 19 жекпе-жегін қатарынан нокаутпен аяқтаған жерлесіміз, әлем таныған әйгілі Майк Тайсонның рекордын қайталаған еді. 

Сурет: boxing.ru

Оқи отырыңыз

GGG чемпиондық атағын ең көп қорғаған боксшылардың үштігіне енді

Мюррей Генаға қарсылас атана алмады (видео)

Мюррей мақсатын орындаған кездесуде GGG Тайсон жетістігін қайталады

Ө. Сансызбай