«Арландар» жетінші жеңісіне жетті

«Арландар» жетінші жеңісіне жетті

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жатқан «Astana Arlans» жетінші кездесуін Алматыда өткізіп, жеңіске жетті. «Italia Thunder» клубына қарсы өткен жекпе-жекте 3:2 есебі тіркелді.

Алғаш болып шаршы алаңға көтерілген 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов қарсыласы Патрик Барнстан айласын асыра алмады. Италиялық клубтың ирландиялық легионері сауатты жұдырықтаса білді. Нәтижесінде қонақтар алға шықты.

56 келіге дейінгі салмақта ұлттық құрама боксшысы Қайрат Ералиев «Astana Arlans» сапындағы алғашқы жекпе-жегіне шықты. Оның қарсыласы да осал болған жоқ. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Майкл Конлан бар өнерін көрсетті. Бесінші раундта қазақстандық боксшының қабағы жарылып, жекпе-жек тоқтатылды. WSB ережесіне сәйкес, сол уақытқа дейінгі ұпайлар саналып, Қайрат Ералиев жеңіске жетті.

Шаршы алаңдағы үшінші жекпе-жектен кейін қайтадан «Italia Thunder» есепте алға озды. 64 келіге дейінгі салмақта Асхат Уәлиханов Винченцо Мангиакапреден ойсырай ұтылып қалды. 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) есебі тіркелді.

Биыл бүкіләлемдік бокс сериясында 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. Осыған дейінгі өткізген кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық клуб сапынан үш боксшының жолдаманы иеленуге зор мүмкіндігі бар. Олар: Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі), Василий Левит (91 келі) және Филип Хргович (+91 келі). Алғашқы екеуі қазақстандық боксшы болса, соңғысы клубтың хорватиялық легионері. Сонымен қатар, Мейірболат Тоитов (56 келі) та екі кездесуден кейін өз салмағында үшінші орында тұр.

Мейірім Нұрсұлтанов пен Василий Левитке Олимпиада жолдамасы аса маңызды. Сондықтан да боксшылар кездесулерде барын салып жұдырықтасып келеді. Бокс кешіндегі шешуші мәнге ие жекпе-жектерді өткізген Мейірім Нұрсұлтанов пен Василий Левит қазақстандық клубқа жеңіс сыйлады. Сонымен қатар, Олимпиада жолдамасына бір табан жақындай түсті.

75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Мейірім Нұрсұлтанов Рафаэль Мунионы 3:0 есебімен сенімді түрде жеңсе, Василий Левитке қарсыласы екі раундқа ғана төтеп берді.

Марат Жақиев жаттықтыратын «Astana Arlans» келесі кездесуін 7 наурыз күні сырт алаңда «Caciques Venezuela» клубына қарсы өткізеді. 

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз

Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады

«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

«Арландар» «Нокаутшыларды» нокаутқа жіберді

Ө. Сансызбай