Зарина Диас үшжылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды

Зарина Диас үшжылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды

Қытайдың Гуанчжоу қаласында теннистен Федерация кубогы турнирі басталды. Қазақстандық теннисші қыздар бірінші ойында «аспан асты елінің» теннисшілерінен басым түсті.

Бүгін басталған Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жарыстың бірінші тобында бақ сынап жатқан отандастарымыз қытайлық теннисшілерді екі ойын қорытындысы бойынша жеңіп шықты. Зарина Диас бірінші кездесуде Чжан Шуайдан 7:5, 6:0 нәтижелерімен басым түсті. Отандасымыз араға үш жыл салып барып, ұлттық құрамадағы ойынына қатысты. 2011 жылдан бергі уақытта Зарина жарақаты мен өзге де себептерге байланысты ұлттық құрамаға қосыла алмай келген еді. 

Ярослова Шведова қытайлық теннисші Пэн Шуайдан «Australian Open» халықаралық турнирінде кеткен есесін қайтарды. Ол бірінші сетте 4:6 нәтижесімен есе жібергенмен, кейінгі екі сетте 6:4, 6:3 есептерімен жеңіске жетті.

Үшінші ойында Камила Керімбаева мен Юлия Путинцева жұбы қытайлық Пэн Шуай мен Чжен Сайсайға қарсы ойнайды. Бірақ, бұл кездесудің нәтижесі аса маңызды емес. Себебі, отандастарымыз 2:0 есебімен алға шығып үлгерді.

Қазақстандық теннисші қыздар 5 ақпанда Тайпеймен, араға бір күн сала Таиланд құрамасымен кездесетін болады. Әр топтан бірінші орын алған құрама финалға шығып, әлемдік лиганың плей-офф кезеңінің жолдамасына таласады. Екінші топта Жапония, Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Гонконг теннисшілері бақ сынауда. Жеңімпаз 7 ақпан күні анықталады.

Айта кетейік, федерация кубогы халықаралық турнирінің тарихы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастау алады. Ұлттық құрамалар арасындағы командалық жүйедегі кездесулер о бастан әйелдер арасында ғана ұйымдастырылып келеді. Ерлер арасындағы дәл осындай жүйедегі турнир «Дэвис кубогы» деп аталады.

Сурет: ausopen.com

Зарина Диас: "Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш болар еді"

Зарина «Australian Open» турнирін аяқтады

Мария Шарапова: Зарина Дияс кез келген қарсыласын сүріндіруге қауқарлы

Ө. Сансызбай