«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел абыройын асқақтатып жүрген «Astana Arlans» командасы V маусымдағы үшінші кездесуін жеңіспен аяқтады. Марат Жақиев шәкірттері Әзірбайжанның Губа қаласында «Baku Fires» командасын 2:3 есебімен тізе бүктірді.

49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов қарсыласы Расул Салиевті айқын басымдықпен жеңді. Үш төреші де отандасымыздың өнерін жоғары бағалады. Нәтижесінде Теміртас жаңа маусымдағы алғашқы жекпе-жегінде 3:0 (49:46, 49:46, 50:45) есебімен жеңіске жетіп, қазақстандық клубқа ұпай сыйлады.

Өкінішке орай, 56 мен 64 келіге дейінгі салмақтағы боксшыларымыз есе жіберіп алды. Клуб сапындағы алғашқы жекпе-жегіне шыққан Нұрсұлтан Көшеғұлов Магомед Гурбановқа ұтылса, осыған дейін команда сапында бақ сынап келген Асхат Уәлиханов Гайбатулла Гайджалиевке мүмкіндік беріп қойды.

91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Василий Левит ерледі. Ол қарсыласы Маммадәлі Рахилді үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Әзірбайжандық клубтың боксшысы жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Шешуші жекпе-жекке 75 келіге дейінгі салмақта Мейірім Нұрсұлтанов пен «Baku Fires» командасының легионері грузин Жаба Хостиашвили жұдырықтасты. Өзіне сенімді түрде өнер көрсеткен отандасымыз қарсыласын 3:0 (49:46, 48:47, 49:46) есебімен жеңіп шықты. Және «Astana Arlans» командасына маңызды жеңісті сыйлады. Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов пен Василий Левит жаңа маусымдағы екінші кездесулерінде жеңіске жетіп отыр.

Қазақстандық клуб V маусымдағы үш кездесуінің қорытындысы бойынша «В» тобында көш бастап келеді. Келесі кездесуін 8 ақпан күні Қарағандыда АҚШ-тың «USA Knockouts» клубына қарсы өткізеді. 

Cурет: massaget.kz, vk.com

Ө. Сансызбай