Александр Винокуров Елбасыға «Астана» велокомандасының жейдесін сыйлады

Александр Винокуров Елбасыға «Астана» велокомандасының жейдесін сыйлады

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Астана» велокомандасының бас менеджері, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуровты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Кездесу барысында елордалық ұжымның алдағы маусымдағы жоспарлары, міндеттері мен еліміздегі велоспорттың даму деңгейі талқыланды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қазақстанда велоспортты дамыту мен таныту мақсатында ауқымды іс-шаралар жасалып жатқанын айта кетті.

- Астанада бар мүмкіндігі жасалған «Сарыарқа» республикалық велотрегі салынды. Жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген кәсіби велокоманда құрылды, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Өз кезегінде Александр Винокуров та елімізде велоспортқа қызығушылықтың өсіп келе жатқанын, және жыл сайын өткізгелі отырған «Алматы Туры» турнирінің танымалдылыққа ие болып келе жатқанын тілге тиек етті.

- Қазақстандық велокоманда биыл оныншы маусымын өткізеді. Барлық жарыстарда жеңіске жетуді мақсат қойып отырмыз. Еуропада елеулі жарыстардың барлығында жеңіп, жақсы беделге ие болдық, - деді велокоманданың бас менеджері.

Кездесу соңында Александр Винокуров Елбасыға өткен жылы «Тур де Франс» көпкүндігінде жеңіске жеткен «Астана» велокомандасының жейдесін тарту етті. 

Сурет:akorda.kz

Ө. Сансызбай