Қазақстан құрамасы қысқы Универсиадада көш бастады

Қазақстан құрамасы қысқы Универсиадада көш бастады

Словакияда ХХVII қысқы Универсиада басталды. Алғашқы күнгі төрт алтынның екеуін қазақстандық спортшылар олжалап, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Словакияда шаңғы және биатлон бәсекесі өтеді. Негізінен Универсиада Испанияның Гранада қаласында өтетін болып бекітілген. Кейіннен қаржылық мәселеге байланысты FISU (Халықаралық студенттер спорты федерациясы) биатлон мен шаңғы спорты түрлерінің жарыстарын Словакиядағы қысқы спорт орталықтары - Штребске-Плесо мен Осрбльеде өткізу туралы шешім қабылдады. Енді Словакия жерінде 25 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болады.

2015 жылғы қысқы Универсиадаға Қазақстан құрамасы сапында 92 спортшы аттанды. 1 ақпан күні Словакиядағы жарыс бәсекелері аяқталып, Гранадада жалғасын табатын болады.

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы қоржынына екі алтын медаль түсті. Шаңғыдан әйелдер арасында спринт сынында Анастасия Слонова Универсиада чемпионы атанды. Күміс пен қоланы поляк Эвелина Марчиж және ресейлік Светлана Николаева иеленді.

Әйелдер арасында биатлоннан 15 шақырымдық спринтте отандасымыз Алина Раикова алтыннан алқа тақты. Ол аталған қашықтықты 47:29,4 минутта жүріп өтті. 10 секундқа кешіккен ресейлік Екатерина Авакумова күміс медаль иеленсе, қола словак елінің спортшысы Паулина Фиалковаға бұйырды.

Бірінші күн қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы екі алтын медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынға 1 алтын 3 күміс 3 қоламен Ресей құрамасы жайғасқан. Үштікті 1 алтын медальмен украиндар қорытындылап тұр. 

Сурет: tatry2015.sk

Ө. Сансызбай