Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты аяқталды

 Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты аяқталды

Қызылорда қаласында мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты мәресіне жетті. Екі күнге созылған жарысқа 60-қа жуық спортшы қатысты.

Ел чемпионаты қорытындысы бойынша, бірінші дәрежелі санаттағы спортшы арулар арасында Гүлжан Жұмаділова (Алматы облысы) жеңімпаз атанса, екінші және үшінші орындар елордалық Злата Рязанова мен Милена Кимге бұйырды. Бұл санаттағы ерлер бәсекесінде Рахат Бралин (Астана) топ жарды. Екінші орынды Асанәлі Жақышев (Қарағанды облысы) жеңіп алса, Алан Хайдаров (Алматы) үшінші орынды қанағат тұтты.

Спoрт шебері атағына үміткер қыздар арасында алматылық Алан Тоқтарова бірінші орын алды. Екінші орын Алина Сыздықоваға бұйырса, оңтүстік қазақстандық Дана Тұрсынбаева үшінші орынды иеленді. Жасөспірімдер арасында (ұлдар) Астанадан келген Никита Манько топ жарса, Молдияр Есеев (Алматы) – екінші, Диас Нұрмет (Астана) үшінші орын алды.

Спорт шеберлері арасындағы бәсекеде қыздар арасында қызылордалық Элизабет Тұрсынбаева 180,46 ұпаймен топ жарды. Халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген отандасымыз тағы бір рет мықтылығын дәлелдей білді. Қазіргі таңда 14 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы әйгілі канадалық бапкер Брайан Орсер жаттықтырады. Екінші орыннан алматылық Айза Имамбек (109,77 ұпай) көрінсе, үшінші орынды тағы бір алматылық мәнерлеп сырғанаушы Регина Глазман иеленді.

Ерлер арасындағы бұл санаттағы додада алматылық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Екі рет Олимпиада ойындарына қатысқан Абзал Рақымғалиев 179,72 ұпаймен бірінші орын алса, Данир Әділов (130,26 ұпай) пен Артур Панихин (128,78 ұпай) екінші және үшінші орындарды қорытындылады. Айта кетейік, ел чемпионатына Денис Тен қатысқан жоқ. Жеңімпаз атанғандар алдағы уақытта халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.

Сурет: alaman.kz

Ө. Сансызбай