Қазақстан жастар құрамасы Францияны жеңді

Қазақстан жастар құрамасы Францияны жеңді

Хоккейден Венгрияның Дунайварош қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы (U-20) топтағы үшінші кездесуін жеңіспен аяқтады. Бірінші дивизионның «В» тобында бақ сынап жатқан отандастарымыз Франция жастар құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті.

Бірінші кезеңде Аркадий Шестаков соққан бір шайбаның арқасында Қазақстан жастары алға озды. Екінші кезеңде француздар таразы басын теңестіре білді. Кезеңнің аяқталуына аз ғана уақыт қалғанда Әлихан Әсетов белсеніп, Қазақстанды есепте қайта алға шығарды. Үшінші кезеңде Кирилл Савицкий мергендігімен көзге түсіп, ойынның соңғы нәтижесін тіркеді.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан жастар құрамасы (U-20) Украина мен Жапония хоккейшілерінен айлаларын асырған еді. Енді ертең Астана уақытымен сағат 21:30-да отандастарымыз Венгрия (U20) құрамасымен кездеседі. Мажар елінің жас хоккейшілері 3 кездесуден кейін 3 ұпай ғана еншілеген. 

Сурет: yvision.kz

Ө. Сансызбай