Чемпиондар лигасы. Аргентиналықтар ерлеген күн!

Чемпиондар лигасы. Аргентиналықтар ерлеген күн!

Лионель Месси Чемпиондар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген атанса, Серхио Агуэро «Манчестер Ситиді» қиын-қыстау кезеңнен бір құтқарды. Назарларыңызға осы және өзге де қызықты ойындардың нәтижелеріне шолуды ұсынамыз.

Тотти өз рекордын жаңартты

Мәскеулік команда аутсайдер саналғанмен, Чемпиондар лигасындағы соңғы екі ойынында жанкүйерлерін қуантып отыр. Римдік «Романы» қабылдаған команда 1:1 есебімен тең ойнады. Бірінші болып қонақтар есеп ашқанмен, алаң иелері соңғы минутта қарсыластарының сағын сындырып кетті. Нәтижесінде «Е» тобындағы бір жолдамаға тартыс қыза түсті. Сонымен қатар, бұл ойында римдіктер қатарынан белсенген Франческо Тотти Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең егде ойыншы рекордын жаңарта түсті. Енді италиялық футболшыға жазылған нәтиже – 38 жас 59 күн.

Агуэро «Манчестер Ситиді» алға сүйреді

Ресейлік футбол жанкүйерлерінің өкінішіне орай мюнхендік «Бавария» «Этихадта» жеңіліс тапты. Хосеп Гвардиола шәкірттері үшін аса маңызды ойын болмаса да, немістер нашар ойнаған жоқ. Тек Бенатианың алаңнан қуылуы команда ұстанған жүйеге әсер еткені анық . Бірінші болып гол жіберіп, кейіннен команда есепте алға шыққан-ды. Бірақ, «ЦСКА» секілді соңғы минуттарда «Манчестер Сити» қарсыластарын сан соқтырып кетті. Бұл ойында алаң иелері сапынан Серхио Агуэро хет-трик орындады. Ол Чемпиондар лигасы тарихында «Бавария» қақпасына үш гол соққан екінші ойыншы. Осыған дейін неміс ұжымына 2002 жылы «Депортиво» сапында ойнаған Рой Макай ғана үш гол соққан екен. Кейіннен бұл ойыншының өзі мюнхендік клуб құрамында ойнаған.

"E" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.    Бавария 5 4 0 1 13:4 12
2.    Рома 5 1 2 2 8:12 5
3.    ЦСКА 5 1 2 2 6:10 5
4.    Манчестер Сити     5 1 2 2 7:8 5


«Порту» топтан шығу мәселесін шешті

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан беларустық «БАТЭ» соңғы үш ойында өз қақпаларына 15 гол өткізді. Бесінші турда өз алаңында «Портуды» қабыдаған ұжым 0:3 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде «Н» тобындағы екі жолдама иегері анықталды. Оның бірі – «Порту» болса, екіншісі – донецкілік «Шахтер».

«Атлетик» Еуропа лигасында ойнағысы келеді

Осыған дейін белсенбей келген бильбаолық «Атлетик» бесінші турда белсенді. Львовта «Шахтерда» қонақта болған команда 0:1 есебімен жеңіске жетіп, үш ұпайды еншілеп қайтты. Енді соңғы ойында «Атлетик» Испанияда «БАТЭ» командасынан басым түсіп, тіпті тең ойнаса да жеткілікті. Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алатын болады.

"H" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.    Порту 5 4 1 0 15:3 13
2.    Шахтер Дн     5 2 2 1 14:3 8
3.    Атлетик Б 5 1 1 3 3:6 4
4.    БАТЭ 5 1 0 4 2:22 3


«Челси» бар қаһарын төкті

Роберто ди Маттео бұрын жаттықтырған командасына қарсы ойлаған жүйесі жүзеге аспады. Жозе Моуринью жоспары жүзеге асты. Гельзенкирхенде «ақсүйектер» ірі есеппен жеңіске жетті. Ойынның бірінші минутында команда капитаны Джон Терри есеп ашса, кейіннен Виллиан, Дрогба және Рамирес белсенді. Ал бір голды Кирхгофф өз қақпасына соғып алды. Қорытындысында лондондық команда плей-офф кезеңіне жолдама алды. Тағы бір айта кететіні кот д’ ивуарлық ойыншы Дидье Дрогба еурокубок ойындарындағы 50-ші голын соқты.

Лиссабонда жарық сөніп қалды...

Лиссабондағы «Спортинг» пен «Марибор» арасындағы ойын өзге ойындардан кеш аяқталды. Бірінші таймнан кейін алаңдағы жарықтың сөнуі – ойынды біраз уақытқа кешеуілдетті. 3:1 есебімен жеңіске жеткен алаң иелері плей-офф жолдамасын иеленуге нықтап қадам жасай білді.

"G" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс          Голдар         Ұпай    
1.    Челси 5 3 2 0 14:2 11
2.    Спортинг 5 2 1 2 11:9 7
3.    Шальке-04     5 1 2 2 8:14 5
4.    Марибор 5 0 3 2 4:12 3


Ибрагимович қайта оралды, гол соқты

Өз алаңында «Аякспен» үш ұпайды сарапқа салған «ПСЖ» жеңіс тойын тойлады. Сонымен қатар, бұл ойынға көптен бері жарақатына байланысты алаңға шыға алмай жүрген Златан Ибрагимович қатысты. Қатысып қана қоймай, кездесудегі маңызды голды соға да білді. Еуропа лигасына жолдаманы «Аякс» пен «АПОЭЛ» соңғы турда өзара сарапқа салмақ.

Месси – Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені!

Лионель Месси «АПОЭЛ» командасына қарсы ойында хет-трик авторы атанды. Соның арқасында әйгілі Рауль рекордын артқа қалдырып, Чемпиондар лигасы тарихында үздік сұрмерген атағына ие болды. Ал Луис Суарес болса «Барселона» сапындағы алғашқы ресми голын соқты.

"F" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.    ПСЖ 5 4 1 0 9:4 13
2.    Барселона   5 4 0 1 12:4 12
3.    Аякс 5 0 2 3 4:10 2
4.    АПОЭЛ 5 0 1 4 1:8 1


Сурет: sports.ru, AFP

Ө. Сансызбай