«Реал» Мессиді сатып алғысы келеді

«Реал» Мессиді сатып алғысы келеді

Мадридтік «Реалдың» президенті Флорентино Перес каталондық «Барселонаның» әйгілі ойыншысы Лионель Мессиді командасына шақыру туралы ұсыныс жасаған. Бұл туралы испандық «El Mundo Deportivo» басылымы хабарлап отыр.

Басылым ақпаратына сүйенер болсақ, «корольдік клуб» басшысы футболшыға жылына 25 миллион еуро төлеп тұруға дайын екенін жеткізген. Сонымен қатар, «adidas» фирмасы да бұл ұсынысты қос қолдап қолдайтынын мәлімдеген. Бірақ, аргентиналық сұрмергеннің өзі мадридтік клубқа ауыспайтыны туралы талай айтқан еді.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Лионель Месси аргентиналық басылымға берген сұқбатында каталондық клубта қанша уақыт ойнайтыны туралы тұщымды жауап бермеген еді. Мұны іле кеткен баспасөз құралдары футболшы өзін «Барселонада» жайсыз сезініп жүр деп жарияға жар салған-ды. Сонымен қатар, 2016 жылы клуб президенті ауысар болса, Мессидің жаңа клуб іздеуіне тура келеді деген де сыбыстар шыққан. Кейіннен футболшының әкесі Хорхе Месси ұлының «блауграна» қатарында бақытты екенін мәлімдеді.

Сурет: mercato.eurosport.fr

Ө. Сансызбай