Марат Жақиев «Astana Arlans» тізгінін қолға алды

 Марат Жақиев «Astana Arlans» тізгінін қолға алды

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жүрген «Astana Arlans» клубының бас бапкері болып ҚР еңбегі сіңген бапкер, ұлттық құрама жаттықтырушысы Марат Жақиев тағайындалды.

Кеше ғана клуб директоры қызметіне Серік Сәпиев сайланған-ды. Бүгін клубқа жаңа бапкер келді. Команданы осыған дейін 8 бапкер жаттықтырып келсе, Сергей Корчинский өз еркімен қызметінен кеткеннен кейін бас бапкер орны бос қалған еді. Клуб тізгінін жаңадан ұстаған Марат Жақиев осыған дейін Маңғыстау облысының аға бапкері болып та қызмет атқарған. Сонымен қатар, бүгінде Әділбек Ниязымбетов, Берік Әбдірахманов секілді ұлттық құраманың белді боксшыларын жаттықтырып жүр.

Марат Жақиев қолға алған «Astana Arlans» клубы бесінші маусым жекпе-жектерін екі айдан кейін бастайды. Бас бапкер команда жасақтау мен дайындау мәселесін бапкерлер қосынымен ақылдасып шешуді жоспарлап отыр. 26 қараша күні Таразда басталатын ел біріншілігін тамашалап, талантты боксшыларды команда сапына тарту жоспары бар екенін де айта кетті. 

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай