«Әлем барысында» кім топ жарады?

«Әлем барысында» кім топ жарады?

Бүгін қазақ күресінен спортсүйер қауым асыға күткен «Әлем барысы» халықаралық турнирі өтеді. Павлодардағы «Астана» спорт кешеніндегі додада әлемнің 32 елінен келген кіл мықтылар бақ сынағалы отыр.

Бес құрлықтан жиналған апайтөс балуандардың осалы жоқ. Бәрі де әлемдік деңгейдегі сайыстарда топ жарып жүрген майталмандар. Дзюдо, самбо, сумо және күрес түрлерінен қарсыластарын қапы қалдырып жүрген сайыпқырандар. Тіпті, кімнің мықты екенін де бағамдап айту оңай емес. Бастысы – ұйымдастырылып отырған халықаралық турнир ұлттық спортымыздың абыройын асқақтатпаса, төмендетпесі белгілі.

Сонымен бүгінгі доданың басты фавориттері кімдер? Әрине, қалың қазақ жұрты Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаровқа сенім артып отыр. Асыл Барменов пен Руслан Әбдіразақов та намысты қолдан бермес жігіттер. Бүгін ең бірінші отандастарымыздың тілеуін тілейтін боламыз. Ал қарсыластар да оңай шағылар жаңғақ емес. Әсіресе, додадағы ең ауыр салмақтағы Оскар Рене Брайсон Видалды (160 келі) атап өтуге болады. Ол дзюдодан әлем чемпионатының күміс, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері. «Бостандық аралының» өкілі жеңіске жету үшін желпініп тұр. Сонымен қатар, чех Лукаш Крпалек пен моңғол Давааням Алтангерелдің де жөні бір басқа. Алғашқысының еншісінде дзюдодан Еуропа және әлем чемпионатының жеңімпазы атағы болса, соңғысы қазақ күресінен тәжірбиесі мол деп бағалауға болады.

Сонымен «Әлем барысына» қатысатын балуандармен таныс бола отырыңыздар!

Салмағы ең ауыр балуандар

Толық аты-жөні – Оскар Рене Видал Брайсон (Куба).
1985 жылы туған.
Бойы – 192 см.
Салмағы – 160 келі.

Жетістіктері:
– 2007 жылы дзюдодан Рио-де-Жанейрода өткен Панамерикан ойындарының жеңімпазы;
– 2008 жылы дзюдодан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері;
– 2009 жылы дзюдодан Нидерланд елінде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
– 2011 жылы дзюдодан Гвадалахара (Мексика) өткен Панамерикан ойындарының жеңімпазы;
– 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 7 орын иеленді;

Грузия елінің намысын қорғайтын балуанның есімі – Гиорги Закариадзе. Гүржі балуаны дзюдодан ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде де мықты нәтижелер көрсеткен. 
1993 жылы туылған, жасы 21-де.
Салмағы – 150 келі.
Бойы – 190 см.
Гүржі балуанының дзюдодан жетістіктеріне тоқталсақ:
2009 жылы жасөспірімдер арасында Грузия чемпионы;
2012 жылы жастар арасында өткен Грузия чемпионатының қола жүлдегері;
2013 жылы жастар арасында өткен Грузия чемпионатының күміс жүлдегері;
2013 жылы ерлер арасында өткен Грузия чемпионатының қола жүлдегері;
2013 жылы жастар арасында өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері;
2013 жылы Тбилиси қаласында өткен Еуропаның ашық біріншілігінің қола жүлдегері;
2013 жылы Берлин қаласында өткен Еуропаның ашық біріншілігінің жеңімпаз балуаны

Эстония елінің өкілі, тәжірибелі балуан – Мартин Падар!
Мартин Падар – 1979 жылы Таллин қаласында дүниеге келген. Қазір жасы 35-те.
Бойы – 195 см.
Салмағы – 150 келі.

Жетістіктері:
2002 жылы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанған;
Дзюдодан Еуропа чемпионатында төрт мәрте қола жүлде алған (2005, 2006, 2007 және 2011 ж.ж.);
+100 салмақ дәрежесі бойынша 2009 жылы Еуропа чемпионы атанған;
Эстонияның әлі күнге дейін ауыр салмақтағы ең үздік спортшысы;

Алыптардың бестігін Бейбіт Ыстыбаев 145 келі , Айбек Нұғымаров 141 келімен түйіндеп тұр.

Жеңіл салмақтағы балуандар

Пәкістан балуаны - Мұхаммад Арпа!

Бойы: 172 см.
Салмағы: 89 келі.
1984 жылы дүниеге келген.

Спорттағы жетістіктері: белбеу күрестен екі дүркін Пәкістан чемпионы (2012, 2013 жж.)

«Әлем Барысына» қатысатын неміс балуанының есімі – Раймунд Гирдц. Дзюдодан талай жеңіске қол жеткізген. Самбошы әрі сумошы.
1973 жылы дүниеге келген.
Бойы – 180 см.
Салмағы – 96 келі.

Жетістіктері:
– 2004 жылы дзюдодан Венада (Австрия) өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері;
– 2009 жылы дзюдодан Данияда өткен "Мацумаэ" халықаралық жарысының қола жүлдегері;
– 2010 жылы дзюдодан Германия чемпионатының жеңімпазы;
– 2011 жылы самбодан Германия чемпионатының жеңімпазы;
– 2011 жылы дзюдодан Бабельсберг қаласында өткен Бундеслиганың қола жүлдегері;
– 2012 жылы дзюдодан Бабельсберг қаласында өткен Бундеслиганың қола жүлдегері;
– 2012 жылы сумодан Солтүстік Германия чемпионатының жеңімпазы;
– 2013 жылы дзюдодан Бабельсберг қаласында өткен Бундеслиганың қола жүлдегері;
– 2013 жылы джиу джитсудан Солтүстік Германия чемпионатының жеңімпазы;

Жеңіл салмақтағы балуандар қатарына америкалық Аарон Скот Вендел, Бангладеш балуаны Рафикул Ислам (88 келі) мен укрианалық Андрей Кунык (94 келі) еніп отыр.

Ең егде балуандар

Сол жақтағы балуан

«Әлем Барысына» қатысатын балуандардың ішіндегі ең егдесі – АҚШ спортшысы Аарон Скотт Вендель. Дзюдошы, сондай-ақ сумошы. Құм үстінде өтетін жағажай күресінен де хабары бар.
1971 жылы дүниеге келген. 
Бойы – 172 см.
Салмағы – 90 келіден жоғары.

Жетістіктері:
– 2012 жылы жағажай күресінен Будапешт қаласында (Венгрия) өткен Әлем чемпионатында 5 орын алған;
– 2013 жылы жағажай күресінен Эль-Джадида қаласында (Марокко) өткен Әлем чемпионатында 7 орын алған;

«Әлем Барысына» кіл түйе балуандар, Еуропа мен Әлемді бағындырғандар келеді. Соның бірі армениялық балуан – Гарибян Арутюн. Жасы 40-та.
1974 жылы туған. 
Бойы – 176 см.
Салмағы – 100 келіден жоғары.
Дзюдо және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Жетістіктері:
– Самбодан Әлем чемпионы;
– Дзюдодан Еуропа чемпионы;

Сонымен қатар, бұл қатарға неміс Раймунд Гирдтсті (41 жас), Томас Вилнискисті (37 жас), камерундық Диеудонне Долассем мен Эстония елінің өкілі Мартин Падарды қосуға болады. 

Ең жас балуан

«Әлем Барысына» 5 құрлықтан балуандар келеді. Сонау Австралия құрлығынан Джейсон Безуденхут атты балуан келмек. Джейсон Безуденхут – дәл қазіргі уақытта Австралияның ауыр салмақтағы ең үздік балуаны.
1996 жылы туған.
Бойы – 185 см.
Салмағы – 90 келіден жоғары.

– 2012-2013 жылдары дзюдодан Кэрнс қаласында өткен Океания чемпионатының жеңімпазы;
– 2012-2014 жылдары дзюдодан Сидней қаласында өткен Австралия чемпионатының жеңімпазы;
– 2008-2014 жылдары дзюдодан Австралияның Виктория аймағында өткен чемпионаттың жеңімпазы;
– 2010-2013 жылдары дзюдодан Австралияның абсолюттік жеңімпазы;
– 2013 жылғы дзюдодан Жаңа Зеландияның халықаралық дәрежедегі абсолюттік жеңімпазы;

Кім мықты шығуы мүмкін?

Чехия тарихында дзюдодан ең үлкен жетістікке жеткен балуан – Лукаш Крпалек. 2013 жылы Парижде өткен мәртебелі турнирде (Гранд Слэм) үздік шығып, дзюдодан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің көшін бастады. Енді осы Чехияның ғана емес, әлемнің үздік балуаны «Әлем Барысында» қазақ күресінен өз елінің намысын қорғайды.
1990 жылы дүниеге келген.
Бойы – 195 см.
Салмағы – 100 келі.

Жетістіктері:
– 2013 жылы дзюдодан Будапешт қаласында өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы;
– 2013 жылы дзюдодан Рио-де-Жанейрода өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері;
– 2014 жылы дзюдодан Монпелье қаласында өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы;
– 2014 жылы дзюдодан Челябинскіде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы;

30 жастағы моңғол Давааням Алтангерел де мықты саналуда. Салмағы -138 келі. Қазақ күресінен айтарлықтай табысқа жетіп үлгерген. Азия чемпионы, әлем кубогының иегері. 

«Әлем Барысында» Ирак елінің намысын қорғайтын балуанның есімі – Кутайбой Хусейн Мохан. "Әлем Барысы" халықаралық дәрежедегі мәртебелі турнир болғандықтан әр елдің үздіктері жиналады. Кутайба Хусейн Мохан Аль-Деби қазақ күресімен етене таныс, тіпті Азия чемпионатында жүлде салған. 
1981 жылы дүниеге келген, жасы 33-те.
Бойы – 175 см.
Салмағы – 94 келі.

Жетістіктері:
2008 жылы жекпе-жек өнерінен Иранда өткен әлемдік фестивальдің күміс жүлдегері;
2009 жылы жекпе-жек өнерінен Вьетнамда жабық кешенде өткен Азия біріншілігінде күміс жүлде иеленген;
2009 жылы қазақ күресінен Қазақстанда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері;

"Әлем Барысында" Қытай елінің намысын қорғайтын балуанның есімі – Куинг Жао (Цин Жао). Дзюдодан қытайдың ауыр салмақтағы үздік балуандарының бірі. Енді сол үздік балуан Павлодарда өтетін "Әлем Барысында" өнер көрсетеді.
1984 жылы дүниеге келген, жасы 30-да.
Бойы – 182 см.
Салмағы – 130 келі.

Жетістіктері:
– 2006 жылы дзюдодан жастар арасында өткен ҚХР чемпионатының күміс жүлдегері (90 келі);
– 2007 дзюдодан өткен ҚХР чемпионатының қола жүлдегері (-100 келі);
– 2008 жылы дзюдодан өткен ҚХР чемпионатының жүлдегері (-100 келі);
– 2009 жылы дзюдодан Моңғолияда өткен халықаралық жарыстың қола жүлдегері (-100 келі);
– 2010 жылы дзюдодан өткен ҚХР чемпионатының қола жүлдегері (-100 келі);
– 2010 жылы дзюдодан өткен ҚХР чемпионатының күміс жүлдегері (-100 келі);
– 2012 жылы дзюдодан өткен ҚХР чемпионатының жеңімпазы (-100 келі);

Үнді балуаны Парвин Кумар қазақ күресімен жақын таныс!

«Әлем Барысына» Африка құрлығынан келетін камерундық балуан – Дьедонне Долассем. Дзюдодан Африканың үздігі!

Нидерланд елінен келетін балуанның есімі – Даниэль Бернар Герардус. Даниэль Бернар үшін қазақ күресі жат емес, бұған дейін жүлде салған да еді!
1978 жылы дүниеге келген.
Бойы – 192 см.
Салмағы – 150 келі.

Жетістіктері:
– 1993, 2003, 2005 жылдары дзюдодан Роттердамда өткен Голландия чемпионатының жеңімпазы;
– 2000 жылы Малагада (Испания) өткен Универсиада ойындарының күміс жүлдегері;
– 2009 жылы дзюдодан Бирмингемде өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері;
– 2009 жылы дзюдодан Циндао (Қытай) қаласында өткен Гран При турнирінің күміс жүлдегері;
– 2013 жылы қазақ күресінен Минскіде (Беларус) өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері;

«Әлем Барысына» әр елдің ауыр салмақтағы ең үздік түйе балуандары келеді дегенді айттық. Сол үздіктің бірі поляк балуаны – Мацей Сарнацки. 
Мацей Сарнацки нағыз бабында тұрған балуан. Жасы да, тәжірибесі де керемет қабысып тұр. Соңғы жылдары ірі жарыстардың барлығында жүлдеге ілігіп жүр. 
1987 жылы туылған, жасы 27-де.
Бойы – 2 метр.
Салмағы – 124 келі.

Жетістіктері:
2011 жылы Шыңжаң қаласында өткен Универсиада ойындарының күміс жүлдегері;
2011, 2012, 2013, 2014 жылдары дзюдодан Польша елінің қатарынан төрт дүркін чемпионы атанған;
2013 жылы Таллин қаласында өткен Еуропа ашық біріншілігінің күміс жүлдегері;
2013 жылы Қазан қаласында өткен Универсиада ойындарының қола жүлдегері;
2014 жылы Тюмень қаласында өткен дзюдодан "Grand Slam" турнирінің қола жүлдегері;
2014 жылы Мадрид қаласында өткен Еуропа ашық біріншілігінің күміс жүлдегері;

«Әлем Барысы» халықаралық турнирінде Ресей елінің намысын қорғайтын балуанмен таныс болыңыздар. Ол – самбошы Максим Ширяев!
1988 жылы туылған, жасы 26-да. 
Бойы – 189 см.
Салмағы – 130 келі.
Жетістіктері:
Самбодан халықаралық санаттағы спорт шебері;
2012 жылы самбодан Еуропа чемпионатының қола жүлдегері;
2012 жылы самбодан Әлем Кубогының жалпы қорытындысы бойынша жеңімпаз;
Аса ауыр салмақта самбодан 2014 жылы Ресей чемпионы атанған;
2010 жылы самбодан жастар арасында өткен Әлем Кубогының жеңімпазы;
2012 жылы самбодан Ресей чемпионатының күміс жүлдегері;
2010 жылы дзюдодан Ресей чемпионатының қола жүлдегері;
2006 жылы самбодан жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионатының қол жүлдегері;
2008 жылы самбодан жастар арасында (18-20 жас) Еуропа чемпионатының қола жүлдегері;
2008 жылы самбодан жастар арасында (18-20 жас) Әлем чемпионатының қола жүлдегері;
2012 жылы самбодан Мәскеу қаласының ең үздік спортшысы атанған;
2014 жылғы «Мәскеу Барысы»;

"Әлем барысына" қатысатын өзге де балуандар бар. Өз шеберліктерін танытып, олардың да тосын сый жасауы ғажап емес.

Бұл дода да ұлттық спортымызды жаңа белеске көтеру үшін қолға алынып отырған игі істердің бірі. Осыған дейін қазақ күресінен әлем, Еуропа және Азия чемпионаттары өткен болатын. «Қазақстан барысы» мен былтыр алғаш рет ұйымдастырылған «Еуразия барысы» да төл спортымызды танытып келеді. Командалық түрде өтетін «Еуразия барысы» биыл Тараз жерінде екінші рет ұйымдастырылатын болады. Ал тұңғыш рет өткелі отырған «Әлем барысы» жобасы да алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын тауып тұрмақ.

«Әлем Барысында» алғашқы 10 орынды иеленген палуандардың барлығына жүлде беріледі:

1 орын – 100 000 АҚШ доллары;

2 орын – 20 000 АҚШ доллары;

3 орын – 10 000 АҚШ доллары;

 

4 орын – 6 000 АҚШ доллары;

5 орын – 4 000  АҚШ доллары;

6 орын  – 3 000  АҚШ доллары;

7 орын – 2 500 АҚШ доллары;

8 орын – 2 000 АҚШ доллары;

9 орын – 1 500 АҚШ доллары;

10 орын – 1 000 АҚШ доллары;

«Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысы» додаларындағы тікелей көрсетілім секілді, «Әлем барысы» аламанын да отандық телеарналармен қоса ресейлік «Боец» пен Түркияның «ТРТ-Аваз» арналары да өз уақытында тарататын болады. Тікелей эфирде "Қазақстан" және "KazSport" арналарынан тамашалай аласыздар. Белдесулер Астана уақытымен сағат 12:00-де басталады.

Билеттердің құны – 5 000, 10 000, 15 000 теңгені құрайды. Тағы бір айта кететіні, билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылмақ. Жүлдеге «Nissan Almera» автокөлігі тігіліп отыр. Көрермен болып барып, сіздің де жеңімпаз атанып қайтуыңызға мүмкіндік бар. 

Сурет: facebook.com

Ө. Сансызбай