Қазақстан Пара Азия ойындарында үздік нәтиже көрсетті

Қазақстан Пара Азия ойындарында үздік нәтиже көрсетті

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы 7 күнге созылған Пара Азия ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы өз тарихында бұл додадағы үздік көрсеткішіне қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы Пара Азия ойындарында барлығы 24 медаль жеңіп алды. Оның 7-еуі алтын, 6-ы күміс, 11-і қола медаль. Қазақстан қоржынына ең көп жүлдені суда жүзу спортынан барған спортшыларымыз салды. Олар 24 медальдың 20-сын иеленген. Зульфия Габидуллин мен Дмитрий Ли жеңіс тұғырынан көрінді. Әнуар Ахметов болса жекелей сайыстарда үш рет топ жарса, эстафеталық сында екі алтын жүлдені иеленуге септігін тигізді. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 11-ші орынға тұрақтады. Зульфия Габидуллин 50 метр қашықтықты 46,40 секундта  жүзіп өтіп жаңа әлемдік рекорд орнатса, Әнуар Ахметов Азия рекордын жаңартты.

Инчхонда өткен Пара Азия ойындары Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. Естеріңізге сала кетсек, осыдан төрт жыл бұрын Гуанчжоуда өткен додада отандастарымыз 23-ші орыннан көрінген болатын. Спортшылар елімізге ертең кешкісін оралады. Оңтүстік Корея жерінде еліміздің намысын 84 спортшы қорғады.

Пара Азия ойындарында жалпыкомандалық есепте қытайлықтар алдына жан салмады. Олар 174 алтын 95 күміс 48 қола жүлде еншіледі. Екінші орынға 72 алтын 62 күміс 77 қола еншілеген жарыс қожайындары тұрақтаса, үштікті 38 алтын 49 күміс 56 қоламен Жапония құрамасы қорытындылады. Сонымен қатар, алғашқы бестікке Иран мен Өзбекстан спортшылары да енді.

Қазақстан құрамасыны жүлдегерлері

Алтын

Әнуар Ахметов – 3 алтын (суда жүзу)

Зульфия Габидуллин - (суда жүзу)

Дмитрий Ли - (суда жүзу)

Бекжан Есіркепов, Андрей Афанасьев, Әлібек Уақпаев және Әнуар Ахметов – 2 алтын (эстафеталық суда жүзу)

Күміс

Әнуар Ахметов – 3 күміс (суда жүзу)

Ардақ Отарбаев, Айдана Бегленова – 2 күміс (арбада отырып билеу)

Андрей Афанасьев - (суда жүзу)

Қола

Дмитрий Ли – 3 қола (суда жүзу)

Мансурбек Ибрашев - (суда жүзу)

Андрей Афанасьев - (суда жүзу)

Ардақ Отарбаев, Айдана Бегленова – (арбада отырып билеу)

Аманат Қалқаев – (жеңіл атлетика)

Әнуар Ахметов – (суда жүзу)

Оксана Митякова – (суда жүзу)

Cурет:kazpravda.kz

Ө. Сансызбай