Премьер-лига. «Астана» «Қайратты» ойсырата жеңді (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Премьер-лига. «Астана» «Қайратты» ойсырата жеңді (видео)

Футболдан ел премьер-лигасының кейінге шегерілген екі кездесуі өтті. Алматылық «Қайрат» түзде «Астанадан» ірі есеппен ұтылса, «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» оңай жеңді.

БӨЛІСУ

Жақында премьер-лига ойындарының жүйесі қайта өзгеріске ұшырайтыны жайлы ақпарат жарияланған-ды. Айта кетсек, өткен жылы командалар санын 12-ден 10-ға дейін қысқарту мақұлданған болатын. Бұл бірнеше клубтың бірінші лигаға түсіп қалу қаупін тудырған. Бірақ, бүгін белгілі болғандай, ел премьер-лигасының жүйесі өзгермейтін болды. Яғни, соңғы орында қалған клуб бірінші лигаға түссе, 11-ші орынды иеленген футбол ұжымы бірінші лигада екінші орын алған командамен премьер-лигада қалу үшін талас жүргізеді. Екі айналымды жүйе де сол қалпында қалды. Бұл туралы Олжас Абраев twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

Чемпиондықтан басты үміткер «Астана» мен «Қайрат» кездесуінде жанкүйерлер күтпеген есеп тіркелді. Бұл ойын еурокубок кездесулеріне байланысты кейінге шегерілген болатын. Алматылық ұжым «Астана-Аренада» жылдам есеп ашқанмен, ойынды сәтті аяқтай алмады. Бірінші тайм соңында Рохер Каньястың дубль орындауы алаң иелерін алға шығарды. Екінші тайм басында Танат Нөсербаевтың үшінші голды соғуы Владимир Вайсс шәкірттерін жүрісінен жаңылдырды. Төреші ысқырығы шалынғанша Патрик Твумаси екі голды еншісіне жазып үлгерді. Нәтижесінде «Астана» бір кем ойынымен ел премьер-лигасының көшін бастады.

«Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасының» осал тұсын тауып кетті. Бірінші таймда 1:1 есебі тіркелгенмен екінші таймда Владимир Газзаев жаттықтыратын ұжым үш ұпай еншілеудің жолын тапты.

Cурет: sports.kz