Геннадий Головкин: "Мен одан мықты екенімді дәлелдедім"

Геннадий Головкин: "Мен одан мықты екенімді дәлелдедім"

Орта салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдарындағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин Рубиомен болған бүгінгі жекпе-жектен кейін тілшілерге сұқбат берді.

Мексикалық боксшыны екінші раундта нокаудқа жіберген отандасымыз ең алдымен жанкүйерлерге алғысын жеткізді. «Олар маған керемет қолдау көрсете білді. Бәріне алғыс білдіремін. Рубио соңына дейін қарсыласатын боксшы. Бірақ, мен одан мықты екенімді дәлелдедім», - дейді ол.

Геннадий Головкин: «Оның жағдайы ауырлай бастаған кезде мен оны сездім де, солақаймен соққы жасадым. Ол алға қарай ұмтыла бастаған кезде бәрінің біткенін түсіндім. Рубио мексикалық стильде жұдырықтасты, әрі ол маған ыңғайсыздық танытпақ болды. Алайда бүгін мен одан әлдеқайда күшті болдым», - дейді.

Ал, Марк Антонио Рубио бүгінгі кездесу туралы: «Геннадий Головкин нағыз чемпион. Оның соққысы өте ауыр болды. Бірақ, ол соққы мен көрген соққылардың ішіндегі ең жойқыны деп айта алмаймын. Мен шаршы алаңға жақсы кездесу әрі әдемі шоу көрсету үшін шықтым. Соңғы сәтте мен кездесуді жалғастыруға дайын едім. Бірақ, төреші маған рұқсат берген жоқ», - дейді.

Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 2015 жылы өткізетін болды. Жерлесіміздің қарсыласы әлі анықталған жоқ.

Сурет: Vesti.kz

Н. Айдархан