Алматы марафонының жеңімпаздары анықталды

Алматы марафонының жеңімпаздары анықталды

Кеше үшінші Алматы қайырымдылық марафоны өтті. Бүгін ұйымдастырушылар жарыстың нәтижесін жариялады. Назарларыңызға қорытынды есебін ұсынамыз.


Алматы марафонының жалпы жолы 42 шақырым 195 метр қашықтықты құрады. Бұл сында ерлер арасында Алмат Имашев, әйелдер арасында Гүлжанат Жанатбек жеңімпаз атанды. Алмат аталған қашықтықты 2 сағат 36 минут 21 секундта бағындырса, Гүлжанат 2 сағат 49 минут 52 секундта мәреге жеткен. Жеңімпаздар өз бағын енді қазан айында өтетін Амстердам марафонында сынайды.

21 шақырымға созылған қашықтықта ерлер арасында Михаил Красилов топ жарса, әйелдер арасынан Юлия Колегова бірінші болып мәре сызығын кесті. Алғашқысы аталған межені 1 сағат 11 минут 28 секундта бағындырса, Юлия 1 сағат 34 минут 40 секундта мәре сызығын кесті. 10 шақырымдық қашықтықта ерлер арасында Евгений Гардер (35:20) бірінші келсе, әйелдер арасында Раиса Төрежанова (39:38) үздік шықты.

Командалық экиден сынында 20 ұжымның спортшылары қатысты. «ЦСКА» командасы бірінші орын алса, екінші орынды Алматы марафонының ұйымдастырушылары – «World Class» командасы иеленді. Үздік үштікті «Lipton Clear Green» ұжымы түйіндеді.  Ал осы сында өз бағын сынаған  Vesti-Tengrinews-Massaget сайттары тілшілерінен құралған «Effective Media Liaison» командасы 13-ші орыннан көрінді.


Желаяқтар жарысын Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов ашты. ҚР Тұңғыш Президенті саябағы алдынан басталған жарыстың мәресі Орталық стадионның ішінде орналасқан. Мәре сызығына жеткен марафоншылар естелік медаль мен сыйлықтармен марапатталды. Ал жарысқа қатысушылардан 10 миллион теңгеге жуық қаржы түскен. Бұл қаржы қайырымдылық шаралары мен екі бүлдіршіннің еміне жаратылады.

Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы өткен алғашқы марафонға 2500 адам қатысқан екен. 2013 жылы қатысушылар саны 6000-ға жеткен. Ал кеше өткен жарыста 10000-ға жуық марафоншы өз бағын сынады. Тағы бір айта кететіні, 2013 жылдың соңында "Алматы Марафоны" халықаралық марафон және жүгіру ассоциациясының құрамына кіріп, атақты Бостон, Амстердам, Нью-Йорк марафондарымен бір деңгейге көтерілген-ді. 

Жарыстың толық қорытынды нәтижесін мына сілтемеден көре аласыздар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: tengrinews.kz

Ө. Сансызбай