Месси соққан голдар саны бойынша "Реал" аңызын басып озды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Месси соққан голдар саны бойынша "Реал" аңызын басып озды

«Барселона» шабуылшысы Лионель Месси Испания біріншілігі 24 тур ойындары аясында өткен «Райо Вальеканомен» болған матчта (6:0) дубльмен көзге түсіп, Испания чемпионатының тарихындағы үздік бомбардир саналатын «Реалдың» аты аңызға айналған ойыншысы Альфредо Ди Стефаноны (227 гол) басып озды.   

БӨЛІСУ

Енді аргентиналық футболшының еншісінде Примерада соққан 228 доп бар. Дәл осындай көрсеткішке «Реал» мен Испания  құрама командасының атақты ойыншысы Рауль де ие. Осылайша, әзірге Месси тек Уго Санчес (234) пен Тельмо Сарреге (251) ғана жол беріп отыр.

Егер Мессидің «Барселона» сапында өткізген барлық турнирлерін есепке алар болсақ, онда аргентиналық сұрмерген 337 гол соққан болып саналады. Бұл Испаниядағы футболшылар арасында бұрын-соңды тіркелмеген нәтиже екенін айта кетейік.  

Естеріңізге сала кетсек, Месси «Барселонаның» негізгі құрамында 2004 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатыр. Ол испан примерасында 263 матчқа қатысып, 228 голмен көзге түсті. Орташа есеппен алып қарағанда, Месси бір ойында 0,87 гол соққан екен.

Ал аргентиналық «Барселонаға» 2003 жылы келген болатын. 2013 жылдың 7 қаңтарында ол футбол тарихында тұңғыш рет төрт рет қатарынан «Алтын доп» иегері атанды. Әлем елдері құрамаларының бапкерлері, футболшылары және де жетекші спорт басылымдары журналистерінің дауыс беру нәтижесінде 25 жасар Лионель Месси клубтасы Андреас Иньеста мен «Реал» көшбасшысы әрі Португалия құрама командасының капитаны Криштиану Роналдуды басып озған болатын.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sports.ru