Қазақстан құрамасы Литвамен кездесу өткізеді

Қазақстан құрамасы Литвамен кездесу өткізеді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 5 наурыз күні Литва құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл туралы kff.kz сайты хабарлап отыр.

Жолдастық кездесу ұлттық құрама ойыншыларының Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде ұйымдастырылмақ. Ойын туралы екіжақты келісімдер жасалған. Қазіргі таңда Литва ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінің 103-ші сатысында тұр. 2014 жылғы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу сынында топтық кезеңнен өте алмады. Лихтенштейн мен Латвия құрамаларын басып озып, төртінші орыннан көрінген болатын. Еуропа ареналары мен Ресей, Түркия жасыл алаңдарында тер төгіп жүрген футболшылары да жетерлік. Олардың қатарында Гедрюнас Карчемарскас ("Газиантепспор", Түркия), Гедрюс Арлаускис ("Рубин", Қазан), Мариус Станкявичюс ("Лацио", Италия), Дейвидас Шемберас ("Алания", Ресей) және Эдгарас Чеснаускис ("Ростов", Ресей) бар. Құраманы 49 жастағы бапкер Игорь Панкратьев жаттықтырады. Екі құрама осыған дейін жасыл алаңда кездеспеген екен.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы бас бапкері әлі тағайындалған жоқ. Жақын күндері белгілі болады деген ақпараттар ғана бар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: prosportkz.kz

Ө. Сансызбай