Маклин Головкинді жеңетініне сенімді

Маклин Головкинді жеңетініне сенімді

Орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің кезекті қарсыласы британдық боксшы Мэттью Маклин алдағы кездесуде өзінің жеңіске жететіндігіне сенім білдірді.

"Бұл тамаша кездесу болмақ. Екеуміздің бокстасу стиліміз де ұқсас. Гена мен сияқты мықты, агрессивті, керемет соққылары бар боксшы. Біз рингте аңдысып уақыт өткізіп, шахмат ойнамақ емеспіз. Бұл жан алысып, жан беріскен жекпе-жек болады",- дейді Маклин. 

"Головкин жөнінде, оның шеберлігі жөнінде не айтасыз?" деген сұраққа Маклин былай дейді: "Меніңше, ол физикалық тұрғыдан мықты. Головкиннің техникасы мен әдістерін бір сәтке де ұмытуға болмайды: мысалы, оның мықты тұстары болмаса, әуесқой бокста жақсы нәтижелерге жетпес еді. Одан басқа Гена арақашықтықты дұрыс сақтай отырып, шабуылға шығудың оңтайлы сәтін де жақсы біледі. Оның арсеналы - апперкоттарға, бүйірден соққыларға және джебтерге толы. Головкиннің мықты жақтары өте көп те, ал әлсіз тұстары жоқ деп айтар едім. Пайдаланып кетуге болатын, яғни көзге ұрып тұрған қателіктері тіптен жоқ. Бірақ мына жағдайды біліңіздер. Ол осыған дейін ешкіммен де нағыз айқасқа шығып көрген емес. Ол менің деңгейімдегі боксшылармен әлі жұдырықтасқан жоқ. Сондықтан да оның әлсіз тұстарын байқамауымыз заңды". 

Ал журналистердің қойған кезекті сауалы мынадай болды: "Мэттью мына сұраққа қалай жауап бересің: Сен Геннадий Головкинмен болатын кездесуге әлі күнге дейін "жоғары деңгейдегі боксшылармен кездеспегеніне қарамастан, барлығы да оны қазіргі кездегі орта салмақтағы "мега жұлдыз" деп таныған адаммен жұдырықтасамын" деп дайындалып жүрсің. Ал сен Серхио Мартинес, Феликс Штурм сияқты алыптармен айқастың. Оған дейін де талай мықтылармен кездесіп үлгердің. Сенің ойыңша, алдағы болатын кездесуде біз Головкинді жаңа қырынан тани аламыз ба?"

Мэттью Маклин: "Міндетті түрде. Мен оның әлсіз тұстары жөнінде айтқан кезде, Головкиннің техникалық жетіспейтін тұстарын айтқаным емес. Головкин осы күнге дейін нокаут тұрмақ, нокдаунда болып көрген емес. Сондықтан оның әлсіз тұстары көзге тіптен көрінбейді. Алайда менің айтқым келгені оның тәжірибесінің аздығы болатын. Иә, Гена әлем чемпионы болса да, бұл факт. Осыған дейін ол рингте тек өз ойлағанын жасады. Және ол үшін оған ешкім де кедергі келтірген жоқ. Себебі қарсыластарының деңгейі сол болды. Гена мен болған қиын жағдайларда болған жоқ. Сондықтан алдағы кездесуде екеуміз де аянып қалмаймыз. Сол кезде маған өзімнің жинаған тәжірибем көмектессе, ал ол түсініксіз күй кешетін болады". 

Сөз соңында Маклин мынаны айтты: "Мен қазір отыз бірдемін және де мұндай титулды жекпе-жектерден бас тарта алмаймын. Мен бұл кездесуде жеңіске жетемін". 

Естеріңізге салсақ, Геннадий Головкин мен Мэттью Маклин арасындағы кездесу 29-маусым күні Машантукеттегі (Коннектикут штаты, АҚШ) Foxwoods Resort Casino аренасында өтіп, Boxing After Dark сериясы аясында HBO бокс телеарнасынан көрсетілетін үлкен кештің басты оқиғасы болмақ. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: boxing.ru

Б. Қосмағамбет