Алексей Ни: «Азия біріншілігінде біз екі алтын медаль аламыз»

Алексей Ни: «Азия біріншілігінде біз екі алтын медаль аламыз»

Бұл күндері ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне соңғы дайындықтарын өткізуде. Осы орайда Массагет порталының тілшісі ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Нимен сұхбаттасып, команданың дайындығын және Азия ойындарына қойылған мақсаттар туралы сұраған еді.

 — Алексей Геннадьевич, алдағы Азия біріншілігіне Қазақстан құрамасының дайындығы қалай өтуде?

— Дайындығымыз өз мәресіне де жетіп қалды. Біз 19 маусымға дейін Алматы қаласында дайындаламыз да, содан кейін Астанаға жол тартамыз. Ал 21-і күні зілтеміршілер жарысты бастап кетеді. Азия біріншілігі 21 және 26 маусым аралығында өтетіні баршаңызға мәлім деп ойлаймын. Содан кейін біз Қазанда өтетін Универсиадаға аттанамыз. Ол 6 және 12 шілде аралығында өтеді.

— Азия біріншілігіне қатысатын спортшылардың тізімін анықтап қойдыңыз ба?

 — Иә. Анықтап қойдық десек те болады. Азия біріншілігінде біздің елдің атынан 8 ұл және 7 қыз өнер көрсететін болады.

— Демек, Қазақстан құрамасы Азия біріншілігінде барлық салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді ғой?

— Ол жағы әлі де белгісіз. Дегенмен, біз Астанада өтетін жарысқа барлық салмақ өкілдерін қатыстырсақ деген ойдамыз. Біздің басты проблемамыз – 48 бен 56 келі салмақтарында. Өйткені, бұл салмақта өнер көрсететін зілтеміршілер уақыт өте келе салмақ қоса береді. 56 келіде Арли Чонтей шығатын шығар. Ал 62 келіде Фархад Харкидің шамасын байқаймыз. Бұлар – жас жігіттер. Сондықтан бұл салмақта бас жүлде бұйырмауы мүмкін. Ал ауыр салмақтағы Қуаныш Рахатов пен Александр Зайчиковтан жүлде күтуге болады. Сонымен қатар, Анна Нұрмағанбетова, Жазира Жаппарқұл, Надежда Ногай сынды спортшылардан да жеке өзім көп үміт күтемін.

— Азия біріншілігінде қанша медаль аламыз деп жоспарлап отырсыздар?

— Бұл Азия біріншілігінде біз екі алтын медаль аламыз деп жоспарлаудамыз. Ал командалық есепте үшінші орынға қол жеткізсек, соның өзі – үлкен жетістік.

— Біздің басты қарсыластарымыз кім болады?

— Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, ерлерде – Иран құрамасы да мықты қарсылас бола алады. Азия біріншілігін кіші Әлем чемпионаты деуге де болады. Өйткені, сары құрлықта әлемдегі ең мықты зілтеміршілер жиналған.

— Дәл қазір сізде қарсыластар жөнінде ақпараттар бар ма? Корей, Тайланд ең мықты зілтеміршілерін алып келе ме Астанаға?

— Иә. Алдын ала берген тапсырыстарына қарағанда, қарсыластарымыз да елордамызға кіл мықтыларын алып келе жатыр. Солтүстік Корея құрамасында тіпті Олимпиада ойындарының чемпиондары да бар екен. Бүгінге көптеген құрамаларда буын алмасу кезеңі жүріп жатыр. Осы Азия ойындарына қатысқан спортшылардың 70 пайызы 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысып қалуы мүмкін. Біз де осы мәселеге баса ден қойып, жас спортшылардың шеберлігін тексеріп көретін боламыз.

— Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Сурет: sports.kz

Ю. НИКУЛЛИН