Поветкин өз атағын қорғап қалды (Видео)

Поветкин өз атағын қорғап қалды (Видео)

Ресейлік ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Александр Поветкин поляк Анджее Вавжиктен басым түсіп, WBA (Бүкіләлемдік бокс федерациясының) тұжырымы бойынша "қатардағы" чемпион атағын сақтап қалды.  

Жекпе-жек Мәскеудегі "Крокус сити холлда" өтті. Поветкин Вавжикті кездесудің үшінші раундында-ақ нокаутқа жіберді. 

Ресейліктің өзі болса, полякпен кездесуін "төртке" бағалайтынын айтты. "Маған бүгінгі кездесу оңайға соққан жоқ. Мен сондықтан да рингтегі ойыныма төрт деген баға қоя аламын",-дейді Поветкин.

Бокс мамандары Поветкин енді келесі кездесуін WBA тұжырымы бойынша "суперчемпион" саналатын Владимир Кличкомен өткізуі әбден мүмкін дейді. Поветкиннің менеджері Владимир Хрюнов та оны растап отыр. Ол тіпті жекпе-жек өтетін күнді де белгілеп қойыпты. Сонымен екі жақ келісімге келіп жатса, қос чемпион арасындағы кездесу 5 қазанда Мәскеуде өтпек.

Осы кездесуге байланысты Поветкин: "Біз бапкерлер қосынымен Кличкоға қарсы кездесуге дайындық мәселесін талқылайтын боламыз. Меніңше, дайындық мәселесіне жақсылап ден қоямыз. Бірнеше кезеңнен тұратын оның бір бөлігі тауда өтетін болады",-деді.

Айта кетейік, Поветкин кәсіпқой бокста әлі күнге дейін жеңіліс көрмей келеді. Ол осымен 26-жеңісіне жетті. Оның 18-сын нокаутпен ұтқан. Ал Вавжик болса бұл кездесуде  өз мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ол осыған дейін рингке 28 рет көтеріліп, барлығында да жеңіске жеткен болатын.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: rian.com.ua

Б. Қосмағамбет