Головкин Маклинді жеңсе, Мартинеске қарсылас атануы мүмкін

Головкин Маклинді жеңсе, Мартинеске қарсылас атануы мүмкін

Орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы 38 жасар аргентиналық Серхио Мартинестің промоутері Лу Дибелла осы салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин британдық Мэттью Маклинді жеңер болса, өзінің клиенті онымен шаршы алаңға шығуы мүмкін екенін мәлімдеді. 

"Егер қазақстандық боксшы Маклинді жеңсе, ол Мартинеспен кездесуі мүмкін, - деп хабарлайды Дибелланың сөзіне сілтеме жасаған BoxingScene.com сайты, - Головкин жас әрі қайраты бойынан кете қоймаған жігіт. Алайда ол Маклиннен жеңілуі де мүмкін. Головкин ол сияқты шебер боксшымен осыған дейін шаршы алаңға шыққан жоқ. Барлығы да Головкинді орта салмақтағы әлемдегі ең ұлы боксшы санайды. Бірақ оны осылай мақтайтындай ол кімді жеңіп еді? Росадоны ма? Ишида? Әлде Проксаны ма? Меніңше, Головкин – ерекше боксшы, бірақ Маклин оның осыған дейінгі қарсыластарының ішіндегі ең қауіптісі болмақ".

Естеріңізге салсақ, Головкин мен Маклин арасындағы кездесу биылғы жылдың 29 маусымы күні Машантукеттегі (Коннектикут штаты, АҚШ) Foxwoods Resort Casino аренасында өтеді. Бұл кездесу Boxing After Dark сериясы аясында өтетін HBO арнасындағы басты кездесу болмақ.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net

Б. Қосмағамбет