Футбол. "Танго 12"

Футбол. "Танго 12"

Биылғы Қазақстанның футбол мауысымының шымылдығы жаңа доппен ашылады. Кеше ҚФФ-сы "Еуро-2012" дүбірлі доданың ақтық кезеңінің "Танго 12" атты добын халыққа жария қылған. Жаңа допты бүгін бірінші болып "Ордабасы" мен "Шахтер" футболшылары Қазақстанның футбол біріншілігі аясында сынақтан өткізеді.

Бүгіннен бастап "Танго 12" добы отандық футболшылардың қолданысына өтеді. Кеше Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық футбол лигасының вице-президенті Олжас Абраев пен «Адидас групп» компаниясының спорттық бұйымдар жөніндегі менеджері Максим Павлов баспасөз маслихатын өткізіп, жаңа "Танго 12" добы жайында сөз қозғады.

- Бұл доп «Еуро-2012» жарысының ақтық кезеңіне арнайы шығарылғанын сіз бен біз жақсы білеміз. Қазір бұл доп Еуропаның бес чемпионатында қолданылып келеді. Бұлардың ішінде Германия мен Ресей бірншіліктері де бар. Былай айтқанда, Қазақстан "Танго 12"-мен ойнайтын бірінші елдердің қатарында. Ал жалпы, Қазақстан футболшылары "Адидас" добын теуіп жүргеніне 5 жыл болды, - деді Павлов өз сөзінде.

Салмағы бар-жоғы 440 грамм болатын "Танго 12" әртүрлі климаттық және зертханалық сынақтардан өтті. Оны жетілдіруге әлемдік футбол жұлдыздары атсалысқан. Олардың қатарында: Бастиан Швайнштайгер, Петер Чех, Эшли Янг пен Хави болды. "Танго 12" бұрын қолданылған доптардан техникалық мүмкіндіктері мен сыртқы дизайнымен ерекшеленіп, қазіргі таңда шығарылған доптардың үздігі болып танылады.

Доп суретінің жобасында Украина мен Польша елдерінің ұлттық әдет-ғұрыптары ескерілген. 

Айтпақшы, аталған допты еліміздің спорттық дүкендерінен 27 500 теңгеге сатып алуға болады. 

Сурет: sport.oboz.ua