Серік Сапиев Олимпиада алтыны арқасында 1 миллион доллар тапты

Серік Сапиев Олимпиада алтыны арқасында 1 миллион доллар тапты

Серік Сапиев өзі үшін сәтті аяқталған Олимпиада ойындарынан соң 1 миллион долларға жуық табыс тапты, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхайдың сөзіне сілтеме жасаған ҚазТАГ. 

"Ол үлкен қаржы тапты, менің есептеуімше 1 миллион доллардай. Бұл қаржыны ол таза өз еңбегінің арқасында тапты," - деді вице-президент Цхай. Оның сөзінше, Серік Олимпиада жеңісі арқасында сыйақы ретінде берілген 250 мың доллардан бөлек, 450-500 мың доллардай ақшаны берілген тұрғын үй арқасында тапқан.

29 жасар Серік Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол ҚР-ның еңбегі сіңген спорт шебері. 2005 және 2007 жылдардағы әлем чемпионы. 69 кг салмақтағы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы болып табылады.  

Сонымен бірге ол 2012 жылғы Вэл Баркер кубогының иегері. Бұл сыйлық 1936 жылдан бері Олимпиада ойындарында шебер жұдырықтасқан ойыншыларға беріліп келеді. Сапиев бұл кубокты иеленген қазақстандықтар арасында үшінші спортшы. Осыған дейін Баркерге Василий Жиров (1996) және Бақтияр Артаев (2004) лайық деп танылған еді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: caspionet.kz

Б. Қосмағамбет