Денис Теннің арғы атасы атақты қолбасшы болған

Денис Теннің арғы атасы атақты қолбасшы болған
Фото: instagram.com, DW

19 шілдеде болған қайғылы оқиға тек қазақстандықтардың ғана емес, әлем жұртшылығының қабырғасын қайыстырды. Бұлай деуімізге себеп – әлемдік БАҚ өкілдерінің бұл жаңалықты жарыса жазуы, шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктерінің маңына өзге елдің халқы гүл қойып, Денисті ақтық сапарға шығарып салуы. Денис Тен мәнерлеп сырғанау спорты бойынша Қазақстанның тарихында бұрын соңды болмаған Олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш спортшы.

Денистің халықаралық жарыстан кейінгі кезекті сұхбаттарының бірінде өзінің арғы ата-бабасы жайлы айтқаны бар. «Бойдағы ерекше күш пен еңбексүйгіштік, даралық сол бабамнан дарыса керек»,– депті. Ендеше, 25 жылдық қысқа ғана ғұмырында дарынымен талайды тамсандырып кеткен Денистің арғы атасына тоқталайық.

7 тамыз 2017 жылы. Денис Тен Оңтүстік Кореяның Вонжу қаласында

Дәл осы суретті Денис Instagram желісіне салып, жазбаға былай деп жазды:

«Бұл менің арғы атам, Кореяның атақты генералы Мин Гын-Хоның мүсіні. Ол кісінің құрметіне 1999 жылы Вонжу қаласының басшылығы осы ескерткішті тұрғызды. Жақын жерде ол кісінің бейіті орналасқан. Сонымен қатар, кәріс және ағылшын тілінде батырдың ерлігі жайлы жазылған биік монумент бар».

Мин Гын Хо – 1865-1908 жылдар аралығында өмір сүріп, Корея елінің тәуелсіздігі үшін күрескен белгілі қолбасшы. Жапон колонизациясына қарсы күрескен ол 100-ден аса ұрыста жеңіске жетіп, халық арасында беделді болған. Корейлердің тәуелсіздігі үшін күрескен Мин Гын Хоның есімі елдің ең үздік 12 батырының қатарына енген.

Өз кезінде халықтың сүйіктісіне айналған атақты қолбасшы бүгінгі Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында дүниеге келген. 1907 жылы жапон королінің әскерді тарату жөніндегі бұйрығына қарсы шығып, 300 адамнан құралған «Әділет әскеріне» қолбасшылық еткен. Уақыт өте оның қарамағындағы  әскер саны бірнеше есеге артып, жапониялықтарға қарсы қарқынды күрес жүргізген.

Алайда, 1908 жылы қапыда жау қолына түсіп қалған Мин Гын Хо ажал құшты. Оның абыройы асқақ болғаны сонша, жапондар қолбасшыны өлтіргеннен кейін оның бейітіне «Кореяның патриоты, атақты қолбасшы Мин Гын Хоның бейіті» деп жазып кетіпті.

Осы оқиғадан кейін, ел арасында Миннің отбасы да түгелдей қырылды деп болжанған. Арада 90 жылға таяу уақыт өткенде ғана оның қызы өзінің баласымен бірге Кореядан Манчжурияға қоныс аударғаны белгілі болады. Ал 1937 жылы Кеңес билігінің ұлттарды одақтас республикаларға депортациялауы нәтижесінде қолбасшының ұрпағы Қазақстан шекарасына аяқ басады.

Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен даңқты батырдың ұрпақтары бүгінде Қазақстанда тұрады. Қолбасшының Сирена (Хи Ра) есімді немересі 1932 жылы туған. Сиренаның бір қызы және бір ұлы бар. Мин Антон (Хан Сик) есімді екінші немересі 1933 жылы туған. Оның да бір ұлы мен бір қызы бар. Мин Александра (Ми Ра) деген немересі 1944 жылы туған, бір қызы және бір ұлы бар. Төртінші немересі Мин Леонтий 1949 жылы дүниеге келіп, 1993 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Оның артында екі қызы және бір ұлы қалды. Жалпы, генералдың 12 шөбересі бар. Сонымен қатар, дәл өзіндей халықтың сүйіктісіне айналған жалғыз шөпшегі бар еді. Енді жоқ.

Мин Гын Хо қайтыс болды дегенді естігенде тұтас халық зар еңіреп, батырмен қимай қоштасыпты. Неге жылады? Халқына керек жан болды. Арада ғасырдан астам уақыт өтті. Халықтың еркесіне айналған сол батырдың ұрпағы жарық дүниеден кетті. Халық ғасыр бұрынғы азалы әуенді қайта шырқады.

А. Қажиев