"Найзағайдан жылдам" Болт...

"Найзағайдан жылдам" Болт...

Құрметті "Massaget.kz" порталының спортсүйер оқырмандары! Біз бүгін сіздерді әлемдегі ең жылдам адам жөнінде таныстырғымыз келеді. Бұл кейіпкеріміздің аты-жөні - Усейн Болт (Usain Bolt). Лақап аты - Найзағай жарқылы (Lightning Bolt).

Болт 1986 жылдың 21 тамызында Ямайканың Трелони қалашығында дүниеге келген. Уильям Нибб атындағы орта мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында жүріп крикет үйірмесіне қатысып жүргенде, жеңіл атлетика маманы Усейннің жылдамдығына қайран қалып, оны өзімен бірге жаттығуға шақырады. Көп ұзамай жас талант өзінің шеберлігін барынша көрсете бастайды. Қалааралық жарыстарда топ жара бастағаннан кейін елішілік және халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік ашыла бастайды.

Ең алғашқы халықаралық деңгейдегі жүлдесіне ол 2002 жылы қол жеткізді. Сол жылы Ямайка астанасы Кингстонда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде 1 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. 2003 жылы да дәл осындай біріншілікте алтыннан алқа тағынды. 2004 жылы 200 м қашықтықты 19,93 секундта жүгіріп өтіп, жастар арасындағы әлем рекордын бұзды. 2007 жылы дистанцияны 19,75 секундта өтіп, 36 жыл бойы сақталып келген ұлттық рекордты жаңартты. Дәл осы жылы Жапонияның Осака қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 200 м-ді 19,75 уақытымен жүгіріп өтіп, күміс медальді еншісіне жазды.  

Болт талантының барынша ашылуы 2008 жылы орын алды. Нью-Йорк қаласында өткен Гран-при «Reebok» жарысында өзінің алғашқы 100 м қашықтығында 9,72 секунд уақытымен әлем рекордын бұзып, "әлемнің ең жылдам" адамы атанды. 

Пекин Олимпиадасы:

2008 жылы өткен ойындарда Болт 100 м-ді 9,69 сек және 200 м-ді 19,30 сек уақыттарымен басып озып, екі бірдей әлем рекордын жаңартты, ол аздай 4×100 эстафеталық кезеңде де әлем рекордына түзету енгізді.  Ол тарихтағы бір ойында үш бірдей әлем рекордымен үш алтын медаль еншілеген ең бірінші атлет атанды. 

6

Берлиндегі әлем чемпионаты:

2009 жылдың 16 тамызында 100 м 9,58 секундымен жүгіріп, өзі қойған әлем рекордын өзі бұзып жарды. Төрт күн өткеннен кейін 200 м 19,19 нәтижесімен тағы да өзінің және әлем рекордын қайта жазды. 

[[

Тэгудегі әлем чемпионаты:

2011 жылы Кореяның Тэгу қаласында өткен әлем чемпионатында Усейн Болт тұңғыш рет өзіне үйреншікті болған "үш алтын тапсырмасын" орындай алмады. Оған себеп - 100 м жарысында орын алған фальстарт. Қалған екі 200 м және 4×100 кезеңдерінде ешкімге дес берген жоқ. 

Лондон Олимпиадасы:

2012 жылы ағылшын жерінде өткен ойындарда Болт тағы да 3 алтын жүлдемен марапатталды. 100 м-ді Олимпиада рекордымен (9,63с) жүгіріп өтсе, эстафеталық кезеңде Ямайка құрамасы қойған әлем рекордын бұзды (36,84с).

Сонымен Усейн Болт алты дүркін Олимпиада және бес дүркін әлем чемпионы атанды. Ол өз мансабы жолында сегіз әлем рекордын жаңартты. Бүкіл БАҚ оны "тірі аңыз" деп атайтын болды. Әлемнің ең жылдам адамын қазіргі таңда Гленн Миллз жаттықтырады. Сонымен бірге ол Ямайка Технологиялық Университетінде жоғары білім алуда. IIAF (Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы) оны екі рет "Жарық жұлдыз" наградасымен марапаттады.

2012 жылы Усейннің DJ Steve Porter Remix атты музыкантпен түсірген «Faster than lightning» (Найзағайдан жылдам) атты клипі жарық көрді: 

Автор: Болат Қосмағамбет

сурет: rsport.ru, blackenterprise.com

Б. Қосмағамбет