Даңқты Лев Яшин

Даңқты Лев Яшин

Осыдан дәл 46 жыл бұрын, яғни 1971 жылдың 27 мамырында футбол әлемнің жарық жұлдызы, даңқты қақпашы Лев Яшин үлкен спортпен қош айтысты. Осы оқиғаға орай Мәскеудегі қазіргі кезде «Лужники» деп аталатын бұрынғы В. Ленин стадионында «Динамо» клубы мен әлем құрамасы арасында жолдастық матч ұйымдастырылды. Бәсекені тамашалау үшін стадионға 103 мың көрермен жиналды. Бұл кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Ойынның 52-минутында «Динамоның» қақпашылары алмасты. Жасыл алаңға Яшиннің орнына Владимир Пильгуй шықты. Атағы жер жарған қақпашы қолын бұлғап, жиналған қауымға ізет көрсеткен сәтте сан миллион жанкүйер көзіне жас алған еді…

Лев Яшиннің жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы, 1929 жылдың қоңыр күзінде Мәс­кеу қаласындағы қарапа­йым отбасында шыр етіп дүниеге кел­ген шақалақ уақыт оза өз дәуірі­нің теңдессіз тұлғаларының бі­ріне айналды. Ұлы Отан соғысы басталғанда Яшиннің отбасы Ульяновск қаласына қоныс ау­дарып, сол жерде еңбек етті. Лев те бала кезінен қара жұмысқа жегіліп, Одақтың әр қиырынан пойызбен жеткен зауыт қон­дыр­ғыларын тиеді. 16 жасында ол «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталды.
Мәскеуге оралғаннан кейін Лев футболмен қатар, шайбалы хоккеймен де шұғылданды. Бұл ретте де ол несібесіз емес. 1950-1953 жылдар аралығында Яшин мұз айдынында еркін ойқастап, КСРО кубогын жеңіп алды. Одақ біріншілігінде қола медальді ие­ленді. 1954 жылы оның есімі әлем чемпионатына аттануға тиіс үміткерлердің бірі ретінде атал­ды. Алайда аңсары футболға ауған жігіт хоккеймен қош айтысты.
Футболшы ретінде Лев Яшин­нің қандай белестерді ба­ғын­дырғанын барша жұрт жақсы біледі. Сол себепті, барлық атақ-даңқын тізбектемей-ақ, со­лар­дың ең негізгілеріне тоқталсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. Соны­мен, ересектер арасындағы өзі­нің спорттық карьерасын бола­шақ жұлдыз 1950 жылы Мәс­кеудің «Динамосында» бастап, 1971 жылы дәл сол командада аяқ­тады. 20 жылдан аса уақыт аралығында 326 мәрте жасыл алаңға шығып, өз қақпасына 240 гол жіберіп алды. «Динамоның» сапында Лев КСРО-ның 5 дүркін чемпионы, 5 дүркін күміс және 1 мәрте қола жүлдегері атанды. Одақ кубогы жолындағы жарыс­та үш рет дара шықты.
1956 жылы КСРО құрамасы сапында Мельбурнде алауы тұ­танған Олимпиада ойындарына қатысты. Сол жарыста Кеңес Одағы құрамасы бас жүлдені ол­жалағаны белгілі. Сол коман­да­ның осындай орасан зор табыс­-қа жетуіне Яшин сүбелі үлес қос­ты. 1960 жылы Еуропа чем­пионы атанып, 1964 жылы құр­лық біріншілігінде күміс медаль­ді мойнына ілді. 1966 жылы Ан­глияда өткен әлем чемпио­на­тын­да КСРО футболшылары төр­тінші орынға табан тіреген еді. Сол жұлдызды команданың са­пында айтулы қақпашы да өнер көр­сетті. Барлығы Одақтың құ­ра­мында 74 кездесу өткізген Лев өз қақпасына 70 гол жіберді.
Жекелеген аталымдар бойын­ша да Яшиннің жеңіп алған жүлделері жетерлік. Тарқатып айтсақ, ол 11 мәрте КСРО-ның ең үздік қақпашысы атанып, 16 рет теңдессіз 33 футболшының қа­тарына енді. Еуропа бірін­ші­лігінің қорытындысы бойынша екі рет символикалық құрамаға қабылданса, үш мәрте жыл қақ­пашысы атанды. Өзінің спорттық жолындағы ең зор атаққа Лев 1963 жылы қол жеткізді. Мәс­кеу­дің «Динамосының» ойыншысы қарт құрлықтың ең үздік фут­болшысына тиесілі «Алтын доп­ты» иеленді. Егер тарихқа жүгін­сек, Яшинге дейін де, одан кейін де бірде-бір қақпашыға ондай атақ бұйырмаған екен. Сонымен қатар КСРО футбол тарихында «Алтын допты» иеленген небәрі үш аяқ доп шебері ғана бар екенін де естен шығармайық. Лев Яшин­­нен бөлек, ондай атақ Украина футбол мектебінің тү­лектері – Олег Блохин (1975 жы­лы) мен Игорь Белановқа (1986 жылы) бұйырды.
Мемлекет тарапынан да Яшин­нің еңбегі лайықты баға­сын алды. Өзгелерін айтпағанда, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ор­дендерімен екі реттен мара­патталды. 1990 жылы Социа­лис­тік Еңбек Ері атанды. ХХ ға­сыр­дың әлемнің ең үздік қақпашысы және КСРО футболындағы тең­дессіз теңбіл доп шебері атағы да дәл осы азаматқа тиесілі.
Лев Яшиннің өзге де ре­корд­тық көрсеткіштеріне таңданбау мүмкін емес. Өзі қатысқан бар­лық жарыстарды қоса алғанда ол 480 рет өз қақпасына бірде-бір гол жібермеген екен. КСРО чем­пионатындағы көрсеткіші – 207 матч. КСРО құрамасы сапын­дағы көрсеткіші – 30 матч. 150 рет 11 метрлік пенальтиді қай­тарды. 22 маусым бойы бір ғана Мәскеудің «Динамо» клубында ойнады. Міне, осылай тізбектей берсек, талай таңдай қағарлық көрсеткіштер көз алдымызға ке­леді.
2002 жылы ФИФА-ның ресми сайтында әр жылдары жасыл алаңда жасындай жарқыраған футболшылар арасынан әлем құрамасын анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Оған осы спорт түрінің басы-қасында жүрген лауазымды тұлғалар, майталман мамандар, білікті бапкерлер, БАҚ өкілдері, тіптен қарапайым жанкүйерлер де қа­тысты. Сол сауалнаманың нә­ти­жесі төмендегідей болды:
Қақпашы – Лев Яшин (КСРО). Қорғаушылар – Паоло Мальдини (Италия), Франц Беккенбауэр (ГФР), Роберто Карлос (Бра­зи­лия). Жартылай қорғаушылар – Диего Марадона (Аргентина), Зи­недин Зидан (Фран­ция), Ро­берто Баджо (Италия), Мишель Платини (Фран­ция). Шабуыл­шылар – Йохан Кройфф (Гол­ландия), Пеле (Бразилия) және Ромарио (Бразилия).
1971 жылдың 27 мамырында Лев Яшиннің үлкен спортпен қош айтысу құрметіне ұйым­дастырылған матчқа әлемнің әр қиырынан теңбіл доптың тең­дессіз шеберлері көптеп келді. Олардың арасында Эйсебио, Бобби Чарльтон, Герд Мюллер, Йозеф Сабо, Эдуард Малофеев, Слава Метревели және тағы бас­қа жұлдыздар бар. Осылайша,
41 жасында даңқты қақпашының спорттық карьерасы аяқталды. Кейіннен жаттықтырушы бо­-лып, осы сала төңірегінде түрлі қызметтер атқарды.
1990 жылдың 20 наурызында Лев Иванович 62 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Өз­дері­нің кумирімен қоштасуға халық көптеп келді. Солардың қа­та­рын­да билік басындағы азаматтар мен түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалардан бастап, қарапайым халыққа дейін болды. Еңкейген қариялардан бастап, жас жеткін­шектерге дейін әйгілі қақпашыны соңғы сапарға шығарып салды. Даңқты Яшин Мәскеудегі Ва­гань­ков зиратында жерленді.

ПЕЛЕ (Бразилия):
– Қақпаның алдына келгенде менің мүлт кеткен кездерім си­рек. Бірақ қақпада Яшин тұр­ғанда, біраз әбігерге түсетінім рас. Себебі, ол доптың қай жаққа қарай бағытталатынын ішкі түй­сігімен сезетін. Сондықтан да ма­ған допты бар күшіммен те­буден басқа амал қалмайтын.

ЭЙСЕЙБИО (Португалия): 
– 1966 жылғы әлем чем­пио­натының қола жүлдесі үшін кездесуде КСРО құрамасының қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік нүктеге жақында­ған сәтте Яшин «Қай жаққа тебесің?» деп сұрады. Мен «оң жақ бұ­рышқа» дедім. Бұл – шын сөзім еді. Неге олай істедіңіз дейсіз ғой? Өйткені екеуміз бұрыннан доспыз. Әрі әлемнің ең үздік қақ­пашысы бағытты біле тұра оны кері қайтара алмаса, менің мәр­тебемнің асқаны ғой. Айт­қан­дай-ақ, оң жақ бұрышқа теп­тім. Лев жан ұшыра секіргені­мен, допқа тосқауыл бола алған жоқ. Зы­мы­раған «снаряд» қақпашының қолын сырып өтіп, діттеген жерге жетті. Яшинге қарасам, түнеріп кетіпті. Қасына бардым да: «Біз – доспыз. Бірақ сен – қақ­па­шы­сың, мен шабуылшымын. Екеу­міздің міндетіміз екі бөлек. Сен қақпаны қорғауға тиіссің. Менің міндетім – гол соғу. Сондықтан да маған ренжіме, досым!», – деп Лев Яшинді жұбатқандай бол­дым.

Франц БЕККЕНБАУЭР (Германия): 
– Яшин – тек әйгілі қақпашы ғана емес, атағы жер жарған футболшы. 1966 жылы Англия­-
да өткен әлем чемпионатының жартылай финалында мен оның қақпасына гол соққанымды ерек­ше шаттықпен еске аламын. Лев досым доптың бағытын дәл тапты. Бірақ құйындай жүйткіген допқа қолы сәл ғана жетпей қал­ды. Сол кезде менің қуанышымда шек болған жоқ.

Сандро МАЦЦОЛА (Италия): 
– Маған әркез қақпа кіп-кіш­кентай, ал Яшин еңгезердей бо­лып көрінетін. Допты нысананың қай жағына қарай бағыттай­ты­нымды білмей, әбден қинала­тын­мын. Даңқты қақпашыға қарсы мен үш рет ойнадым. Үш кездесуде де гол соға алмадым. Тіптен, 11 метрлік нүктеден ба­ғыттаған добым оның оңай ол­жасына айналды. Шынымды айт­сам, Яшинге дейінгі де, Яшин­нен кейінгі қақпашы­лар­дың бірде-біреуі онымен теңесе алмайды.

Диего МАРАДОНА (Италия): 
– Біздің бала кезімізде Яшин­нің даңқы дүркіреп тұрған. Біз «Ит арқасы қияда орналасқан Кеңес Одағында бір мықты қақ­пашы бар екен. Оған даңқы жер жарған Пеленің өзі гол соға ал­май қиналады екен» деген си­паттағы әңгімелерді жиі ести­тін­біз. Кейіннен ол кісімен жүз­де­судің де реті келді. Ол тек мықты спортшы ғана емес, өресі биік интеллект иесі екеніне де көз жет­кіздім.

 www.aikyn.kz

А. Оралқызы