Финонченконың ерлігі немесе мансабын бір клубта ғана өткізген футболшылар

Финонченконың ерлігі немесе мансабын бір клубта ғана өткізген футболшылар
Фото: google.kz, коллаж

Спорттағы бүкіл мансабын бір командада ғана өткізген футболшылар сирек кездеседі. Жоқ емес, баршылық. Әсілі, жылдар бойы бір командада ойнау - зор сенім мен сүйікті командаңа деген махаббаттың құдіреті болса керек.

Иә, бүгінгі айтпағымыз спорттағы бүкіл ғұмырын бір командада өткізген футболшылар жайлы. Кеше ғана бір клубта ойнап жүрген футболшының бүгін өзге команданың намысын қорғап жүргенін, ертең өзге клубқа ауысуы мүмкін екенін көзбен көріп, құлақпен есітіп жүрміз. Футбол кәсіптің бір көзі десек, бұл айтқанымыз заңдылық та шығар.

Қазақ футболында да мансабын бір командада ғана өткізген футболшылар көп емес. Біз білетін бір футболшы, ол – Андрей Финонченко. Қарағандының "Шахтер" командасында 17 маусым ойнаған футболшының еңбегі ерлік-ақ. Неге десеңіз, бұл туралы алда айтатын боламыз.

Андрей 1982 жылдың 21 маусымында Қарағандыда дүниеге келген. Футболға баруына әкесі себепкер болған. Анасы талай рет қарсы болғанмен, отағасының сөзінен асып кете алмаған. Кейіннен анасы да ұлының ойынын алаңнан келіп тамашалайтын болыпты.

Футболшыны алғаш Анатолий Чудинов жаттықтырған. Бала Андрей қорғаушы болған. Шабуыл шебіне Геннадий Костюченко жаттықтырған тұста ауысқан.

Андрей Финонченко "Шахтер" сапындағы алғашқы ойынына 2001 жылдың 28 сәуір күні шықты. Ол ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Бірақ шабуылшы 2 маусым бойы қарсыластар қақпасына гол соға алмады. Оның себебі де бар еді.

- Ол кезде біздің командада мықты шабуылшылар болды. Мен ойынға көп уақыт шықпайтынмын. 2003 жылы негізгі құрамға ілігіп, 18 голмен ел чемпионатының үздік сұрмергені атандым. Әсіресе "Восток" командасына соққан алғашқы голым, әлі есімде, - дейді футболшы.

Шабуылшы үшін 2003 жыл аса сәтті өтті. Үздік сұрмерген атанды. Маусымның үздік футболшысы мен шабуылшысы атағын жеңіп алды. Осыдан кейін 21 жастағы ойыншыға қызығушылық танытқан командалардың саны арта түсті. Бірақ Андрей Финонченко туған қаласынан бір қадам да алыстағысы келмеді.

Андрей Финонченко 2003 жылы ұлттық құрамаға да шақырту алды. Польшаға қарсы ойында шабуылшы гол соға алған жоқ. Қазақстан құрамасындағы алғашқы голын 2004 жылы Кипрдегі халықаралық турнирде Армения қақпасына соқты.

Футболшы 2011 жылдан бастап "Шахтердің" басты капитаны болды. Жаттықтырушылық қызметке Виктор Кумыковтың келуімен қарағандылық ұжымның ойыны алға басты. Андрей Финонченко да туған қаласының командасы үшін барын салды. Екі рет ел чемпионы, ҚР кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Бастысы – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан тұңғыш қазақстандық команда болды. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуға сәл ғана сәттілік жетіспеді.

Андрей Финонченко үшін де 2011 мен 2014 жылдар аралығы мансабының биік сатысы болды. Еурокубок пен ұлттық құрама сапындағы маңызды ойындарда гол соқты. Әсіресе, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі Селтик қақпасына соққан голын жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ.

- Мен үшін нөмірі бірінші команда – "Шахтер". Мен бала кезімнен осы команданың намысын қорғауды армандадым. Сондықтан да өзге командаға ауысу туралы ойланған емеспін. Осы қалада дүниеге келдім, жетістікке жеттім. Туған қаламның намысын қорғауды парыз санадым, - дейді футболшы бір сұхбатында.

Андрей спорттағы мансабын аяқтағаны туралы осы жылдың ақпан айында айтты. Ал өткен маусымда жарақатына байланысты көп ойындарға қатыса алған жоқ. Ал күні кеше ғана футболшыны Қарағанды жұртшылығы зор құрметпен жасыл алаңнан шығарып салды. Андрей "кеншілер" сапындағы мансабын аяқтап, футболмен қош айтысты.

Шабуылшы "Шахтер" командасының аңыз ойыншысы болып қалатыны сөзсіз. Клуб басшылығы 14 нөмірді Андрейдің атына жазды. Ол қарағандылық команда сапында 432 ойынға қатысып, 126 гол соқты. Ұлттық құрамада 20 ойынға шығып, 5 голдың авторы атанды.

Андрей Финонченко жасыл алаңда ойнамаса да, футболдан алыстамайды. Командада бас жаттықтырушының көмекшісі болады. Ал жергілікті жанкүйерлер футболшының команда тізгінін ұстауына да қарсы емес.

Андрей секілді әлем футболында да бір клубта ғана ойнаған тұлғалар аз емес. Олар жайлы да ақпарат бере кетсек артық болмас.

Паоло Мальдини

"Милан" футбол клубы тарихында танымал есімдердің бірі – Мальдини. Чезара Мальдини 1954-1966 жылдары ойнаса, ұлы Паоло Мальдини бүкіл мансабын (25 жыл) "Милан" сапында өткізді. Қорғаушы болған Паоло 902 ойынға қатысып, 30-ға жуық гол соққан. "Миланда" жүріп кез келген футболшы армандайтын атақтардың бәріне қол жеткізген. 5 рет Чемпиондар лигасын жеңіп алған.

Райан Гиггз

"Манчестер Юнайтедтің" тірі аңызы команда сапында 24 жыл ойнады. 14 жасында "Олд Траффорд" табалдырығын аттаған бала Райан 40 жасында ойыншы әрі жаттықтырушы ретінде мансабын аяқтады. Бүгінде де "қызыл сойқандардан" алыстаған емес. Манкуниандық клубтың жанкүйерлері келешекте Райан Гиггздің бас жаттықтырушы болғанын қалайды.

Лев Яшин (1929-1990)

Футбол тарихындағы танымал қақпашылардың бірі болған – Лев Яшин. Ол – "Алтын доп" марапатына ие болған жалғыз қақпашы. 22 жыл бойы Мәскеудің "Динамо" командасының қақпасында тұрды.

Франческо Тотти

Римде осы футболшыны "Император" деп атайды. Себебі 22 жыл бойы "Рома" сапында ойнаған футболшы бұл құрметке лайық-ақ. Бірер айдан кейін оның командамен келісімшарты аяқталады. Одан кейін мансабын аяқтауы, әлде ақтамауы әзірге белгісіз. Кей деректер бойынша АҚШ-тың "Майами" командасына ауысуы мүмкін екен.

Пол Скоулз бен Гари Невилл

Алекс Фергюсон "алтын дәуірінің" түлектері Пол Скоулз бен Гари Невилл де "Манчестер Юнайтедтен" өзге командаға ауыспаған футболшылар. Олар қызыл сойқандар сапында 19 жыл ойнады.

Тони Адамс

Бүгінде Испанияның "Гранада" командасын жаттықтыратын Тони Адамс есімі "Арсенал" жанкүйерлері үшін жақсы таныс. Ол лондондық командада 1983-2002 жылдар аралығында ойнады. 18 жасында капитан болған ойыншы, әрі команда тарихындағы ең жас капитан.  

Сантьяго Бернабеу

Бүгінде "Реалдың" стадионы осы бір атпен аталатынын футболсүйер қауым жақсы біледі. Ал ол ат кімнің есімі екенін, тарихын біле бермейді. Сантьяго Бернабеу 16 жыл (1912-1928) "Реалда" ойнаған футболшы. 1943-1978 жылдары клуб президенті болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін команданы қайта аяқтан тұрғызған тұлға.

Джейми Каррагер

Қорғаушы 16 жыл мансабын "Ливерпуль" сапында өткізді. 7 жыл академиясында сабақ алған. Мерсисайдтық команда жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысы да болды. Капитан қызметін де атқарды. Қызуқанды мінезімен де есте қалған қорғаушы.

Ө. Сансызбай