​Дәулет Тұрлыхановқа бапкері қандай баға берген?

​Дәулет Тұрлыхановқа бапкері қандай баға берген?
Фото: db-turlykhanov.kz

Елге белгілі палуан, беделді азамат Дәулет Тұрлыханов өзінің инстаграмдағы парақшасына жас кезінде бапкері Геннадий Сапуновпен бірге түскен суретін жүктеді. Суреттің астындағы жазбада бапкердің жас палуанға берген бағасын оқуға болады.

«Мұндай палуандарды сирек кездестіресің. Онда таңғажайып талант бар! Шеберлігіне шек жоқ, нағыз гауһар. Атақтың ешқандай құпиясы жоқ. Дәулеттің құпиясы оның мінезінде жатыр. Оның бойында қазақтың дархандығы, мақсатқа жетудегі табандылық, шынайылық, жомарттық пен мейірім бар!» – делінген.


                                                                             Дәулет Тұрлыханов бапкері Геннадий Сапуновпен

Геннадий Андреевич Сапунов – палуан, күрестен КСРО, Еуропа, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, КСРО, Белоруссия мен Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сидней олимпиадасында Қазақстан құрамасына жетекшілік еткен. 36 жылдық бапкерлік қызметінде Олимпиаданың 20 чемпионы мен әлемнің 50 чемпионын тәрбиелеген.
                                                                                                    
Дәулет Болатұлы Тұрлыханов - 1963 жылдың 18-қарашасында Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Палуан, грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.


Қазақстанның және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы (1986-1992), КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, және жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы және күміс жүлдегері, қола жүлдегері, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы, 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, 24-25-ші Олимпиадалық ойындарының күміс, қола жүлдегері болған.

1995,1999 жылдары екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. 2000-2006 жылдары Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

 
Қырғызстан олимпиадалық қозғалысын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Олимпиадалық орденмен, FILA, ҚР Ұлтық олимпиадалық комитетінің алтын медальдармен, І дәрежелі Ұлы Петр орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2000).

Дереккөз: reactor.inform.kz

 
Е. Жұмабайұлы