Қанат Ислам қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлауға дайын (видео)

Қанат Ислам қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлауға дайын (видео)
Фото: vk.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 8 мамыр күні спорттық мансабындағы жиырма бірінші жекпе-жегін өткізетін туралы хабарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда отандасымыз АҚШ жерінде соңғы дайындықтарын шыңдап жатыр.

Қанат Ислам 8 мамыр күні колумбиялық Хуан де Анхельмен жұдырықтасады. Отандасымыз бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» чемпиондық белбеуін қорғайды. Сондай-ақ, бұл жекпе-жек боксшылар үшін рейтингтік кездесу де. 10 раундқа жоспарланған.

Қанат пен Хуан арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Флорида штатында өтеді. Ла Аменаза деген лақап атпен танымал колумбиялық боксшы осыған дейін шаршы алаңда 22 кездесу өткізген. Оның 18-де жеңіске жеткен, 17-ін нокаутпен аяқтаған. 3 жекпе-жегінде жеңіліс тапса, 1 кездесуі тең аяқталған.

Жекпе-жек алдында боксшылар алдағы кездесу туралы өз ойларын білдіріп те үлгерді.

- Мен осы кешке қатысатыныма үлкен қуаныштымын, және осы жекпе-жекке жақсы дайындалдым. Ол (Де Анхель) - жақсы қарсылас, бірақ мен жеңіске жету үшін тыңғылықты дайындалдым. Қазақстандықтықтарға өте қызықты әрі үлкен қуаныш сыйлаймын, - деді отандасымыз.

- Қарсыласым оңай қарсылас емес екенін білемін, бірақ жеңіске жету үшін жақсы дайындалдым. Мен оған бірінші жеңіліс сыйламақпын, - дейді колумбиялық боксшы.

Айта кетейік, Қанат Ислам осыған дейін өткізген 20 жекпе-жегінің 17-ін нокаутпен жеңген болатын. 

О. Сансызбай