Қанат пен Геннадий Рио олимпиадасына неге қатыспайды?

Қанат пен Геннадий Рио олимпиадасына неге қатыспайды?

Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (AIBA) кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік берген болатын. Осы орайда кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген Қанат Ислам мен Геннадий Головкиннің Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысу-қатыспауы туралы сөз қозғала бастады.

Головкин туралы 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев: «Меніңше, Головкин келісім бермейді. Оның кәсіпқой боксқа өткеніне көп уақыт болды. Бұл оңай шешім емес. Ол сияқты чемпиондар мұндай ойға бара бермейді, оларға Олимпиада алтыны қызық емес» деген-ді. Артынша Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) аталған ұйымның чемпиондарына Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысуға тыйым салды.

Бұл мәселе жөнінде журналист Берік Сұлтан АҚШ-та жаттығу жасап жүрген Қанат Исламнан сұрады.

«Елдің ықыласына, қолдауына рахмет. Мені іздейтін қазағымның барына шүкір. Елдің ықыласы жеңіске жетуіме сенім ұялатып, серпін береді. Қазір мен АҚШ-та келесі жаттығуыма дайындалып жатырмын. Бұйырса жекпе-жек келесі айдың сегізіне жоспарлануда. Әрине мен үшін олимпиаданың орны бөлек. АҚШ-та да көк туды желбірету үшін жүрмін ғой. Бірақ олимпиада ойындарында әнұранды ойнату ол бөлек нәрсе. Ол бөлек қуаныш. Қазір менің салмағымда Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы інілерім өнер көрсетіп жүр. Екеуі де жақсы жігіттер. Олар бокс әлемінің жарық жұлдызына айналатынына сенемін. Тілекшімін. Шынымды айтсам, сол екі інімнің жолын кескім келмейді. Әрине, маңдайға жазғаны болады. Егер, Қанат олимпиадаға елдің атынан сен баруың керек десе, мен дайынмын. Бәрін тастап баруға әзірмін. Биылғы дода өте тартысты болмақ, олимпиадада өнер көрсететін бауырларыма тек сәттілік тілеймін. Көк туды желбіретіп, ел қоржынына көп алтын салады деп сенемін», — дейді Қанат.

Дереккөз: «Ұлт ақпарат»

Y. Almabek