Клубсыз жүрген танымал 8 футболшы

Клубсыз жүрген танымал 8 футболшы
Фото: sports.ru

Бір кездері Еуропа жасыл алаңдарында жасындай жарқылдап, бүгінде клубсыз жүрген танымал футболшылар жетерлік. Әрине, оларға ұсыныс жасап жатқан клубтар жоқ емес, баршылық. Алайда ойыншылар бұл ұсыныстармен келісе алар емес. Назарларыңызға клубсыз жүрген танымал футболшылар легін ұсынамыз.

Роналдиньо

Әйгілі бразилиялық ойыншы 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа командасын анықтай алмай жүр. Сондай-ақ, 35 жастағы ойыншы спорттық мансабын аяқтауды ерте санайды. Тіпті, осыған дейін Англия премьер-лигасында көш бастап келе жатқан «Лестер» клубы ұсыныс жасап көрген. Бірақ қос тарап келісімге келе алмаған.

Робиньо

Бір кездері «Реал», «Манчестер Сити» және «Милан» секілді Еуропаның танымал клубтарында ойнаған бразилиялық шабуылшы 2016 жылдың қаңтар айынан бастап клубсыз қалды. Ойыншы соңғы рет «Гуанчжоу Эвергранд» клубында ойнаған.

Георгиос Самарас

Грекиялық футболшы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол Грекия құрамасы сапында да, «Селтик» клубы құрамында да қазақстандықтарға қарсы ойнаған. Соңғы рет Сауд Арабиясының «Аль-Хилал» клубында ойнаған.

Жулио Баптиста

34 жастағы ойыншы соңғы рет «Крузейро» (Бразилия) клубының құрамында болды. 2016 жылдан бастап команда ойыншымен келісімшартын ұзартқан жоқ. Бүгінде Жулио жаңа клуб қарастырып жүрген ойыншылардың бірі.

Йоон Арне Риисе

Еуропаның «Монако», «Ливерпуль» және «Рома» секілді танымал клубтарында ойнаған норвег ойыншысын жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ. 35 жасқа келген ойыншы болса спорттық мансабын аяқтауға асығар емес. Соңғы рет Үндінің «Дели Дайнамос» клубының сапында ойнады.

Эммануэль Эбуэ

32 жастағы Кот’д Ивуар құрамасының ойыншысы қазір нағыз спорттық бабында емес. 2015 жылдың жазынан бері жаңа клубын табар емес. Соңғы рет Түркияның «Галатасарай» клубының екінші құрамында ойнаған. Ал бір кездері Эммануэль Эбуэ лондондық «Арсеналдың» танымал қорғаушыларының бірі болған болатын.

Нико Кранчар

31 жастағы хорват жартылай қорғаушысының спорттық мансабындағы ең сәтті кезең Англияның «Тоттенхэм» клубы сапында өтті деп айтуға болады. Осы клуб сапында жүріп жанкүйерлерге танылды. Соңғы рет Киевтің «Динамо» клубында ойнады. 2016 жылдың 14 қаңтарынан бастап клуб пен ойыншы келісімшартты ұзартқан жоқ. 

Марат Измайлов

Ресейлік ойыншының мансабын Қазақстанда жалғастыруы мүмкін деген ақпараттар айтылып жүр. 33 жастағы ойыншы соңғы рет «Краснодар» клубының намысын қорғаған. Сондай-ақ, Португалияның танымал «Спортинг» және «Порту» клубтарының сапында ойнаған. 

Ө. Сансызбай