Роналду 3 жасар жетім баланың арманын орындады (видео)

Роналду 3 жасар жетім баланың арманын орындады (видео)
Фото: dailyfreekick.com

Танымал футболшы Криштиану Роналду 3 жасар ливандық Хайдар Мустафаның арманын орындады. Бүлдіршін «Реал» клубының мерекелік дастарханынан дәм татып, «Райо Вальеканоға» қарсы ойынын құрметті қонақтар отыратын орыннан тамашалады.

Қараша айында Ливан астанасы Бейрутта болған лаңкестік әрекеттен кейін Хайдар Мустафа ата-анасынан айырылып, ауыр жарақат алған. Кейіннен жергілікті тілші Рана Харби twitter әлеуметтік желісі арқылы #CristianoMeetHaidar деген хэштегпен флешмоб ұйымдастырған. Нәтижесінде португалдық футболшы флешмобты ескеріп, жетім қалған баланы Мадридке арнайы шақыртыпты.

3 жасар Хайдар Мустафа «Реал» клубына жанкүйерлік танытып, үздік ойыншысы ретінде Криштиану Роналдуды бағалайды екен. Мерекелік кеш кезінде ливандық бүлдіршінді клуб президенті Флорентино Перес те құшағына алып, ерекше ілтипат танытты. Сондай-ақ клуб жейдесін сыйға тартты. Ал кей испан басылымдары таратқан ақпарат бойынша, Роналду Хайдар Мустафаға құны 580 000 АҚШ долларын құрайтын Rolls-Royce автокөлігін сыйлаған.

Айта кетейік, 12 қарашада Бейрутта болған жарылыста 43 адам қаза тауып, 239-ы жарақат алған болатын.

О. Сансызбай