Станимир Стойлов «Астанамен» келісімшартын 2 жылға ұзартады

Станимир Стойлов «Астанамен» келісімшартын 2 жылға ұзартады
Фото: vk.com

«Астана» клубының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов командамен келісімшартын 2 жылға ұзартады. Бұл туралы «Галатасараймен» өткен ойыннан кейін бапкердің өзі хабарлады.

Клуб пен жаттықтырушы арасындағы келісімшартқа ертең қол қойылады. Нәтижесінде болгар маманы қазақстандық клубты алдағы екі маусым жаттықтыратын болады.

- Мен маусымның соңын күттім. «Астанамен» келісімшартты ұзартуға келісімімді бердім. Ертең қол қоятын боламыз. Мен команданы сақтап, жаңа талантты ойыншыларды қосқым келеді, - деді Станимир Стойлов.

Айта кетейік, Станимир Стойлов «Астана» клубын 2014 жылдан бері жаттықтырып келеді. Клуб пен бапкер «1+1» жүйесі бойынша келісімшартқа қол қойған-ды. Болгар бапкерінің келуімен елордалық клуб қазақ футболы тарихында өз атын қалдырды. Ел чемпионатында топ жарды, суперкубокты иеленді. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан қазақстандық бірінші клуб атанды. Осыған дейін болгар басылымдарының ақпары бойынша бапкер жылына 1 миллион долларға жуық жалақы алатыны айтылған болатын.

Ө. Сансызбай