Марадона - Пелені мойындамаған талант

Марадона - Пелені мойындамаған талант
Фото: sovsport.ru

ХХ ғасырдың даңқты футболшыларының бірі – Диего Армандо Марадона. Бүгін аргентиналық ойыншы 55 жасқа толып отыр. Осыған орай футболшының өмірінен қызықты деректер келтіре кетуді жөн санап отырмыз.

Марадона 1960 жылы 30 қазанда Буэнос-Айрестың Ланус деген елді-мекенінде дүниеге келген. Футболшының арғы аталары Аргентинаға Италиядан көшіп барған. Олар жиһанкез Марко Полоның ұрпағы екен.

Бето есімді немере ағасы 7 жасар Марадонаға доп сыйлайды. Оның қуанғаны сонша, кей күндері добын құшақтап ұйықтап қалатын болған.

Ауладағы үлкен балалармен қатар ойнап, допты ырығына оңай бағындырып, шебер ойыншылардың біріне айналады. Мектепке барған күні-ақ оны «Эскалада» командасына өз қатарына қосады. Ата-анасы футболға деген әуестігін білгенімен, көбіне үйден шығармайтын болған. Алайда арманына қол созған бала ата-анасының ақылын құлағына ілмей, бақытын жасыл алаңнан іздеген. Нәтижесінде өзі армандаған дәрежесіне жете білді.

1982 жылы каталондық «Барселона» Марадонаны «Бока Хунариостан» 8 миллион долларға сатып алды. Нәтижесінде сол кездегі футбол тарихында ең қымбат футболшы ретінде бағаланды. Десе де аргентиналық футболшы Испанияда көп тұрақтап қалмады. Екі маусым өнер көрсетіп, ауыр жарақат алды. «Атлетикке» қарсы ойында төбелес шығарып, 3 ойынға шеттетілді. Нәтижесінде жанкүйерлер көңілін қалдырып, Италияға ат басын бұрды.

Диего Марадона 1986 жылғы әлем чемпионатында Англия құрамасының қақпасына қолмен гол соқты. Бас қазы Әли Беннасера голды есепке алып, футбол тарихындағы үлкен қателікке бой алдырды. Ал футболшының өзі болса бұл голын "Құдайдың қолымен соғылды" деп бағалады.

Дәл осы ойында қарсылас команданың жарты ойыншысын алдап та гол соғып, аргентиналықтардың ыстық ықыласына бөленді.

Финалда Аргентина құрамасы немістерді 3:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Диего Марадона жемісті өнер көрсеткен клубтың бірі - «Наполи». Футболшы Неапольға келгенде жергілікті жанкүйерлер аргентиналық сұрмергенді құшақ жайып қарсы алды. Әуежайдан қала орталығына дейін төбелеріне көтеріп келген. Есесіне Марадона да жергілікті жанкүйерлердің бар үмітін ақтады. Жеті жыл ішінде «Наполи» екі рет Италия чемпионы, Италия суперкубогы мен кубогы және УЕФА кубогын жеңіп алды. Ал оған дейін неапольдық клуб ірі жетістікті бағындырмаған болатын. Кейінгі Марадона «Наполи» клубын жаттықтыру арманы екенін айтып та жүр. Әзірге аргентиналыққа бұл арманы орындалар емес.

1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионаты Диего Марадона үшін сәтсіз аяқталды. Футболшы командасын финалға дейін алып шыққанмен, чемпион атана алмады. Шешуші ойында немістерге есе жіберді. Ал бұл жеңілісті Марадона ФИФА кесірінен болды деп бағалап, марапаттау рәсімінде сол кездегі ұйымның президенті Жоао Авеланжудың қолын алмай қойды.

Марадонаның бір арманы – Аргентина ұлттық құрамасын жаттықтыру болатын. Футболшы бұл арманына жетті де. Ол 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатына Аргентина құрамасын бастап барды. Лионель Мессиге үлкен сенім артты. Алайда Марадонаның шәкірттері үмітін ақтаған жоқ. Ширек финалда немістерге 4:0 есебімен ұтылды. Нәтижесінде Марадона бас жаттықтырушы қызметінен кетті.

Пеле мен Марадона бір-бірімен аса тату араласпаған. Бұл туралы қос аңыз ойыншының сұхбаттарынан да аңғаруға болады. Аргентиналық аяқдоп шебері «футбол патшасын» тілшілерге берген жауабында тек «оныншы нөмірлі футболшы» деп қана атап келген (кейіннен ғана атын атайды). Жүзжылдықтың үздік футболшысына берілер сыйды табыстау салтанаты алдында Диего Марадона:

- Көп жанкүйер оны (Пеле) 4 Әлем чемпионатына қатысты дейді. Мен де 4 «мундиальға» қатыстым. Ал оның 1962 жылғы әлемдік додаға бара алмағаны жайлы неге ешкім жауап таба алмайды? (Ол кезде Пеле жарақат алған болатын). 1966 жылғы Англиядағы додада неге екі-ақ кездесуге шықты? Бұған да ешкім жауап бере алмайды. Ал мен одан кейін Еуропаның үздік чемпионаттарында 12 жыл өнер көрсеттім. Ал ол Америка құрлығынан шыққан жоқ. Сондықтан да мені онымен салыстырмаңдар, – деді. Ал өз кезегінде Пеле де бұған жауап қатты.

Біз Диего екеуміз дос емеспіз – бұл шындық.  Бірде мен оның ойынына тәнті болғаным рас. Егер Марадона өзін ғасырдың үздік футболшысы деп есептесе, есептесін, ол өзінің түйсігіне байланысты, – деді.

Марадона клубтық мансабында 588 ойынға қатысып, 312 гол соққан.

Ұлттық құрама сапында 91 ойынға қатысып, 34 гол соққан.

11 рет командалық жеңіс тұғырынан көрінген.

1986 жылы Аргентина құрамасы сапында әлем чемпионы атанған.

Ө. Сансызбай