Рамос «Реалда» қалатын болды

Рамос «Реалда» қалатын болды
Фото: sport-xl.org

Футболдан мадридтік «Реалдың» қорғаушысы Серхио Рамос клубпен жаңа келісімшартқа қол қойды. Жаңа келісім бойынша футболшы «корольдік клуб» сапында 2020 жылға дейін өнер көрсететін болады.

Батыстық басылымдар жазғы ауысым кезеңінде Серхио Рамос ағылшындық «Манчестер Юнайтедке» ауысуы мүмкін деп хабарлаған болатын. Клуб президенті Флорентино Перес тәжірибелі қорғаушыны алып қалуды қолдап, жаңа келісімшарт ұсынды. Қорғаушы осыған дейін жылына 6 миллион евро алатын болса, алдағы маусымнан бастап 10 миллион евро көлемінде жалақы алатын болады. Сондай-ақ, «Портуға» ауысқан Икер Касильястан қалған капитандық қызметті атқарады.

- Ақша мені ешқашан қанаттандырмаған. Мені қанаттандыратын әрі бақытым – отбасым. Мен спорттық мансабымды осында аяқтағым келеді. Егер мен ақшаға қызыққан болсам, мұнда жүрмеген болар едім. Мен әрқашан клуб намысы мен капитандық белгіні абыроймен қорғап, намыс қолдан бермеу үшін тер төгемін, - деді қорғаушы клуб баспасөзіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Серхио Рамос «Реал» сапына 2005 жылы «Севильядан» ауысып келген болатын. Трансфер құны 27 миллион евроны құраған еді.  

Ө. Сансызбай