«Барселона» сатып алған ең қымбат футболшылар

«Барселона» сатып алған ең қымбат футболшылар
Фото: eurosport.ru, afa.org.ar

Каталонияның «Барселона» футбол клубы бүгінде әлемге танымал ұжымдардың бірі. Бір Мессидің өзі клубтың абыройын асқақтатып жүр десек, қателеспейміз. Бүгінде «блаугрананың» әлемнің кез келген елінде жанкүйерлері кездесіп жатады. Қазақстанда да мыңдаған жанкүйері бар. Осыған орай клуб тарихындағы ең қымбат 10 трансферді назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

10. Дмитрий Чигринский

Трансфер құны: 22,5 миллион фунт стерлинг

Донецкілік «Шахтерда» сәтті ойынымен көзге түскен Дмитрий Чигринский 2009 жылы каталондық «Барселона» сапына ауысқан болатын. Хосеп Гвардиола украиналық қорғаушының жарақат алған Карлес Пуйольдың орнын басады деп болжаған-ды. Бірақ Дмитрий негізгі құрам ойыншыларының құрамына іліге алмады. Нәтижесінде бір маусымнан кейін Донецкіге қайта оралды.

9. Алексис Санчес

Трансфер құны: 23 миллион фунт стерлинг

Чилилік шабуылшы каталондық клубқа 2011 жылы «Удинезеден» (Италия) ауысып келді. Нәтижесінде Чили футболы тарихындағы ең қымбат ойыншы атанды. «Барселона» сапында 2014 жылға дейін өнер көрсетті. Сәтті ойынымен әлемге танылған футболшыға лондондық «Арсенал» қызығушылық танытып, өз қатарларына қосты. «Блауграна» бұл трансферден 12 миллион фунт стерлинг пайда түсірді.

8. Дани Алвес

Трансфер құны: 23,5 миллион фунт стерлинг

Каталондық клуб Дани Алвесті қатарларына қосқанына өкінбейтіні анық. Жеті маусымда үздік өнерімен көзге түскен ойыншы алдағы маусымда да клуб сапында қалатын болды.

7. Арда Туран

Трансфер құны: 23,80 миллион фунт стерлинг

Жақында ғана мадридтік «Атлетикодан» ауысып келген Арда Туран клуб тарихындағы ең қымбат трансферлердің қатарын толықтырды. Алайда футболшы Жаңа жылға дейін «Барселона» сапында өнер көрсете алмайды. Себебі, осыған дейінгі трансфер ережесін бұзған клубқа шешім шығарылған болатын. Луис Энрике мен жанкүйерлер тәжірибелі ойыншының алаңға шығуын күтетіні анық. Өзге клубқа жалға бермеуі мүмкін.

6. Марк Овермарс

Трансфер құны: 25 миллион фунт стерлинг

ХХІ ғасырдың басында 25 миллион фунт стерлинг өте қомақты қаржы еді. Лондондық «Арсенал» Марк Овермарсты сатып, қаржы қорын бір молайтып алды. Оның үстіне Лондонда Тьери Анридің жұлдызы жана бастаған шақ болатын. Марк «Барселонада» бірден негізгі құрамға ілігіп, сәтті өнер көрсетіп кете алды. 2004 жылға дейін клуб сапында 97 ойынға қатысып, 15 гол соқты. Жартылай қорғаушы үшін бұл тәуір көрсеткіш саналды. Алайда ауыр жарақаттан кейін футболшы мансабын аяқтауға шешім қабылдады. 2008 жылы төрт жыл үзілістен кейін барып Нидерландының «Гоу Эхед Иглс» клубында бір маусым ойнап, футболдан біржола кетті. Қазір «Аякс» клубының спорттық директоры қызметін атқаруда.

5. Давид Вилья

Трансфер құны: 25,2 миллион фунт стерлинг

«Валенсия» сапында жүріп әлемге танылған шабуылшы «Барселона» қатарында да нашар өнер көрсеткен жоқ. 77 ойынға шығып, 33 гол соқты. 2012 жылы алған ауыр жарақаты жарты жыл алаңға шығуына кесірін тигізді. 2012 жылғы Еуропа чемпионатына да қатыса алмады. Кейіннен мадридтік «Атлетикоға» ауысты. Ал қазір АҚШ-та «Нью-Йорк Сити» клубында ойнап жүр.

4. Сеск Фабрегас

Трансфер құны: 35 миллион фунт стерлинг

«Арсенал» футбол клубының басшылығы мен жанкүйерлері Сеск Фабрегастың командадан кеткенін қаламаған еді. Алайда футболшының өзі «Барселона» сапында ойнау арманы екенін жайып салды. Нәтижесінде Сеск «блауграна» сапында үш маусым тер төгіп, 2014 жылы Лондонға қайта оралды. Бірақ бұл жолы «Арсеналға» емес, «Челси» клубына ауысып келді.

3. Неймар

Трансфер құны: 48,5 миллион фунт стерлинг

«Барселона» клубы тарихындағы ең даулы оқиғалардың бірі – Неймардың «Сантостан» ауысып келуі. Бразилиялық футболшының Еуропаға ат басын бұруына көп қаржы кеткені жасырын емес. Клубтан өз орнын тауып кеткен шабуылшыны көп қаржы үшін жанкүйерлер жазғырып жүрген жоқ. Ал ақтамаса, керісінше болары сөзсіз еді.

2. Златан Ибрагимович

Трансфер құны: 40 миллион фунт стерлинг+Это'О

Златан Ибрагимович «Барселонаға» 2009 жылы миландық «Интерден» ауысып келді. Каталондық клуб шабуылшы үшін 40 миллион фунт стерлинг пен Самуэль Это'О-ны қоса берді. Алайда швед шабуылшысы «блауграна» ұжымына үйренісе алмай, Италияға қайта оралған еді.

1. Луис Суарес

Трансфер құны: 75 миллион фунт стерлинг

«Барселона» сатып алған ең қымбат ойыншы – Луис Суарес. «Ливерпуль» сапында таңдай қақтырар ойынымен көзге түскен шабуылшы 2014 жылы каталондық клубқа ауысқан болатын. Қазіргі таңда Месси, Неймар және Суарес үштігі әлемдегі ең үздік шабуыл шебін құрап отыр.

Ө. Сансызбай