Бағын кәсіпқой бокстан іздеген Бекман

Бағын кәсіпқой бокстан іздеген Бекман
Фото: diamondring.kz

Бокс десе, делебесі қозып, қолына былғары қолғап киіп, жұдырықтасу өнерін меңгергісі келетін қазақ балалары өте көп. Әсіресе, ауылдағы қара домалақтарымыз осы спорт түріне әуес-ақ. Солардың бірі – 1990 жылы 12 тамызда туған Бекман Сойлыбаев...

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарығаш ауданына қарасты Дербісек ауылында туып-өскен Бекман жастайынан боксшы болуды, тіпті Олимпиада жүлдесін өңірінде жарқыратуды армандайды. Алайда, қазақтың шалғайдағы кішігірім ауылында спортпен айналысу оңай емес. Бекманның ауылында екі спорттың түрінен ғана үйірме болады. Әу баста Бекман да сыныптас достарымен боксқа барады. Бірақ басында бапкерлер оны қабылдамай, Бекман күрес үйірмесіне кіреді.

Сөйтіп боз кілемде шынығып, шүмектетіп тер төгеді. Бірақ сегізінші сыныпта оқып жүргенінде, күрес үйірмесі жабылып қалады.

Бекман ойланбастан бокс табалдырығын қайта аттайды. Бұл жолы жаттықтырушылар шынығып, ширап қалған Бекманды өз шәкірттерінің арасына қосады. Тіпті үш-төрт күнгі жаттығу жұмыстарынан соң аудандық турнирге алып барады.

Осылай, Бекман бала кезінен табандылығымен ерекшеленіп, спорт жолындағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізе бастайды.

Кейіннен Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясында дәріс алып, шаршы алаңдағы шеберлігін ұштай түседі.

2013 жылы қоңыр күзде Атырауда өткен ел чемпионатында, 60 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болады. Жартылай финалда сол жылы ел чемпионы атанған Закир Сафиуллинен ғана ұтылады. Ел біріншілігінен соң ұлттық құрама сапына ілігіп, бір жыл Мырзағали Айтжановтың командасында жаттығады.

2014 жылы тіпті Алматыда өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында алтынмен апталады. 60 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмейді. Жартылай финалдағы қарсыласын бірінші раунд-ақ техникалық нокаутпен жеңеді.

Алайда былтыр маусым айының басында ғана әскерилер арасында әлем чемпионы болған Бекман тамыздың басында кәсіпқой бокс рингінде ойнақ салады. Қабырғасымен кеңесіп, жанашыр ағаларымен ақылдасып, кәсіпқой боксқа бет бұрады.

Алғашқы жекпе-жегін 2014 жылы тамыздың алғашқы күні Киевте өткізіп, өзі сияқты кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет ринге шыққан Дмитрий Пашковты ұтады. Төрт раундық жекпе-жекте жергілікті боксшыдан басым түседі.

Көп ұзамай, нақтырақ айтқанда, 4 қазан күні Львов төріне керілген шаршы алаңда Украина боксшысы Павел Петровты айқын басымдықпен жеңеді. Кәсіпқой бокста тырнақалды жекпе-жегін өткізген кикбоксшы Петровты бірінші раундта үш рет нокдаунға түсіріп, екінші раунд басталған бетте тағы да тәлтіректетеді. Қарсыласы ішін басып, тізе бүгіп, отырып қалады да, төреші жекпе-жекті тоқтатады.

Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында Украинаның тағы бір боксшысынан басым түседі. Бұл жолы қазақтың шымыр жігітінің жойқын соққысына Руслан Аушев төтеп бере алмайды. Кәсіпқой бокста алты жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жеткен Аушев алты раундтық жекпе-жекте нокаутқа түсіп қалмағанына шүкіршілік етеді десек те болар.

Бекман болса, мұнымен шектеліп қалмай, кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін биыл 20 ақпанда алғаш рет АҚШ-та өткізді. Әрі жергілікті жанкүйерлерді сүйсіндіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Лос-Анджелесте АҚШ боксшысы Хосе Гоместі бас көтертпей төпелейді. Алты раундық жекпе-жекті үшінші раундында Хосе Гомес қарсылық көрсетуге де мұршасы жетпей, бүркеніп теріс айнала береді. Теңселіп әзер тұрған боксшының көзіне тіке қараған төреші амалсыз жекпе-жекті тоқтатады.

Міне, өз бағын кәсіпқой бокста сынап көруге бекінген Бекман Сойлыбаевтың алғашқы аяқ алысы – осындай. Кәсіпқой бокс рингінде төрт жекпе-жек өткізіп, төртеуінде де басымдық танытты һәм екеуінде нокаутпен жеңіске жетті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Алар асуы әлі де алда деп білеміз. Өйткені Бекман алған бетінен таймайтындай.

«Мақсатым – елімнің атын шығарып, абыройын асқақатып, көк байрағымызды кәсіпқой бокс көгінде желбірете берсем» - дейді. Сөздері – нық, көздері от шашып тұр.

Ал өмірде, боксшы Бекман – қарапайым, сыпайы жан. Қазақы ұяңдығы басым десек те болар. Бірақ шаршы алаңда – қимылы шалт, жылдамдығы жоғары, жылпың боксшы. Соққысы да – қуатты. 60 келіге дейінгі жеңілдеу салмақта жұдырықтасып жүрсе де, жекпе-жектерінің жартысын айқын басымдықпен ұтып жүр.

Осы аптаның ортасында қайтадан АҚШ-қа жол жүрмек. Мұхиттың арғы жағында келесі жекпе-жегіне дайындалады. Келесі қарсыласы да көп ұзамай анықталып қалар. Қазір Бекманға «Цеснабанк» көмектесіп, қолдап жүр.

Сонымен қатар, бұйыртса, биыл шаңырақ көтеріп, отау құрмақ ойы да бар екен. Біз Бекманға ақ жол тілейміз. Жоспарларың жүзеге асып, қазақ боксының даңқын асыра бер демекпіз. Жолың болсын, Бекман бауырымыз!

Автор: Нұрғазы Сасаев

Ө. Сансызбай