Денис Теннің мұздағы шоу жобасына кімдер қатысады?

Денис Теннің мұздағы шоу жобасына кімдер қатысады?
Фото: maisondejoubert.livejournal.com

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылы Сеулде өткен «төрт құрлық чемпионатының» жеңімпазы, Шанхайдағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Денис Тен Алматыда өтетін мұздағы шоу жобасына қатысатын мәнерлеп сырғанаушылардың есімдерін атады. Биылғы жоба «Денис және достары: Сәлем Алматы» деген атау алып отыр.

Денис Тен мұздағы шоу жобасы арқылы қазақстандықтардың мәнерлеп сырғанау спортына қызығушылығын арттырып, жастарды спорттың осы түріне тартуды мақсат еткенін осыған дейін де айтқан еді. Сонымен қатар, танымал спортшыларға Қазақстанды, ал Қазақстан халқына мәнерлеп сырғанау спортындағы «майталмандарды» таныстыруды мақсат тұтып келеді. Ол "мұндай шоу өткізуді бұдан былай жыл сайынғы дәстүрге айналдырамын" - деп 2013 жылы уәде берген болатын.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының Алматыда ұйымдастырып отырған биылғы жобасы 20-21 маусым күндері өтеді. Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніндегі мұз айдында қазақстандықтар Олимпиада чемпиондары ресейлік Максим Траньков және Татьяна Волосожар, Олимпиада жүлдегері Джоани Рошетт, әлем чемпионы Стефан Ламбьель өнерін тамашалай алады. Сонымен қатар, Эладж Балде, Мари Пьер Лерай, Александр Любченко және Жан Дени-Санши де өз өнерлерін ортаға салады. Ал қытайлық Олимпиада чемпиондары Цин Панг, Цзян Тонг және әлем чемпионатының жүлдегерлері Джереми Эббот, Майя және Алекс Шибутани, Елена Радионова мен Су Ен Пак бұл жобаға алғаш рет қатысқалы отыр.

Айта кетейік, Денис Тен биылғы мұздағы шоу бағдарламасы туралы Астана қаласының спортты кәсіби дамыту әкімшілігі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен болған ынтымақтастық келісімшартына қол қойған уақытта айтқан болатын. 

Ө. Сансызбай