Карл Фроч Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келеді

Карл Фроч Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келеді
Фото: sport.gazeta.kz

Екінші орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы британдық Карл Фроч келесі қарсыласы Геннадий Головкин немесе Джеймс ДиГейл болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

- Мен Геннадий Головкинмен жұдырықтасқым келеді. Егер ол қарсы болмаса. Ол менің Джеймс ДиГейл секілді келесі қарсыласым болуы мүмкін, - деді боксшы «IFL TV» арнасына берген сұхбатында.

Британдық боксшы өз сұхбатында соңғы жекпе-жегін өткізу немесе өткізбеуі туралы ойланатынын да алға тартты.

- Джеймс ДиГейл менімен жұдырықтасқысы келсе, оны ұйымдастыруға тырысамын. Шынымды айтсам, оны ұту оңай. Ол менің чемпиондық белбеуімді иеленді. Головкин мен ДиГейлдің бірі – менің келесі қарсыласым. Бірақ мен спорттық мансабымды жалғастыру, жалғастырмау туралы шешімді келер аптада қабылдаймын. Егер жалғастырар болсам, бір-ақ рет шаршы алаңға шығатын боламын, - деді британды боксшы.

Айта кетейік, осыған дейін Карл Фроч Геннадий Головкиннің жеңісті жолына тосқауыл бола алатынын айтқан болатын. Ал кездесуді ұйымдастыруға талпынған промоутер Эдди Хирн бұл жекпе-жектің өтуі «НВО» арнасының қаржылық жағдайына байланысты деп хабарлаған-ды.

Ө. Сансызбай