Рой Джонс: «Головкинмен жұдырықтасу – нағыз тәуекелге бару»

Рой Джонс: «Головкинмен жұдырықтасу – нағыз тәуекелге бару»
Фото: kfb.kz

Бұл күндері WBA (Super), IBO және WBC Interim тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық атаққа ие қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келетін танымал емес былғары қолғап шеберлері жетерлік. Ал атағынан ат үркетін боксшылар отандасымызбен шаршы алаңда кездесуге асығар емес. Мұның себебін төрт салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанған америкалық Рой Джонс (кішісі) өз сұхбаттарының бірінде түсіндіріп кетті.

- Геннадий Головкинмен жұдырықтасу – нағыз тәуекелге бару. Себебі аз гонорар алатын кездесуге шығу аса тиімді емес. Ал жеңіліс табар болса, одан кейінгі мансабында ірі табысқа ие бола алмайтыны рас. Сондықтан да боксшылар онымен кездесуден қашады, - деді ол.

Экс-чемпион қазақстандық боксшыны ресейлік Матвей Коробовпен кездесу өткізгенін қалайтынын жеткізді. «Олардың рингте жұдырықтасу тәсілдері бір-біріне ұқсайды», - дейді Рой Джонс.

Айта кетейік, Матвей Коробов өткен жылдың желтоқсанында орта салмақта WBO тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа ағылшын Энди Лимен таласып, мансабында алғаш рет жеңіліс тапқан болатын. Оған дейінгі 23 жекпе-жегінде жеңіске жеткен еді.

Геннадий Головкин 34-ші кездесуін қыркүйек айында өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге отандасымыздың қарсыласы анықталған жоқ.

Ұқсас жазба

Головкин Монроны алтыншы раундта нокаутпен жеңді (видео)

Геннадий Головкин «темір» Тайсонның рекордын жаңартты

Ө. Сансызбай