Мэнни Пакьяомен жұдырықтасқан қазақ боксшысы (видео)

Мэнни Пакьяомен жұдырықтасқан қазақ боксшысы (видео)
Фото: vk.com

Бүгінде төрткүл дүние танитын боксшылардың бірі – Мэнни Пакьяо. Кәсіпқой бокста өз есімін қалдырып үлгерген филиппиндік боксшымен бір кездері қазақтың қара домалақ баласы да жұдырықтасқаны туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол – Серікжан Ешмағамбетов еді.

Серікжан Ешмағамбетов еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары кәсіпқой бокста өнер көрсетуге бел буған қазақстандық боксшылардың бірі. 37 жасына дейін жұдырықтасқан отандасымыз соңғы кездесуін 2008 жылдың желтоқсан айында өткізген. Кәсіпқой бокста 37 кездесуге қатысып, 24 рет жеңіске жетіп, 1 рет тең түскен. 13 кездесуінде қарсыласын нокаутпен жеңген. Сонымен қатар, мансап жолында ПАБА (Пан-Азия бокс қауымдастығы) чемпионы атанған.

Серікжан Ешмағамбетов пен Мэнни Пакьяо 2003 жылдың наурыз айында жұдырықтасқан. Қазақстандық боксшы бүгінде әлем таныған филиппиндік боксшының кәсіпқой рингтегі жетінші қарсыласы болған екен. Филиппин астанасы Маниланың көне аудандарының бірі Интрамуроста өткен жекпе-жек бес раундқа дейін созылып, Мэннидің мерейік үстем болған. Десе де Серікжан Ешмағамбетов те қарсыласына оңайлықпен жеңілмей, бір рет сұлатып та түсірген. Бұл кездесу туралы боксшының өзі бір сұхбатында:

- …Бірінші раундта Мэнни мені нокдаунға жіберді. Үзілісте демалып алғаннан кейін, екінші раундта мен біраз жақсы соққы жасадым, youtube-тегі роликтерде ол жоқ екен. Төртінші раундтың басында екеуміз біраз «қырылып» қалдық та, сол кезде мен «левый хукпен» құлаттым. Раундтың аяғына дейін әлі уақыт бар еді, Пакьяоны шаршатып алуға болатын. Бірақ төреші Абаинза мені кішкене ығыстырып жіберді де, қарысыласым есін жинап алды. Бесінші раундтың басында Пакьяо мені құлатты, соққысы өтіп кетті. Екінші рет ұрғанда нокдаун болған жоқ, мен қолымды көтеріп, әрі қарай жұдырықтасуға дайын екенімді көрсеттім. Бірақ бас қазы есеп ашпай, кездесуді бірден тоқтатып тастады, - деген.

Бүгінде Серікжан Ешмағамбетов Алматы Құрылыс және менеджмент колледжінде дене шынықтыру мұғалімі қызметін атқарып келеді. Жас шәкірттерді тәрбиелеуде. Сонымен қатар жарыстарда төрешілік жасап та жүр.

О. Сансызбай