Макклелланды мәңгі ұмыттырған жекпе-жек (видео)

Макклелланды мәңгі ұмыттырған жекпе-жек (видео)

Кәсіпқой бокста дәл осыдан 20 жыл бұрын Лондонда ХХ ғасырдың ең таңдаулы жекпе-жектерінің бірі өтті. Сол жекпе-жекте спортсүйер қауым бұл күндері аса тани бермейтін америкалық боксшы Джеральд Макклеллан соңғы рет шаршы алаңда жұдырықтасқан болатын...

Кәсіпқой бокс нағыз саңлақтар шайқасы саналғанмен, қаржыны күреп табудың бір жолы да. Боксшылар да, промоутерлер мен бапкерлер де кейде қу құлқынның қамы үшін бастарын бәйгеге тігіп жатады. Шын мәнінде, ірі көлемде ақша бар жерде адамдардың ақ пен қарасын ажырату да қиын.

1990 жылдардың басында америкалық боксшы Джеральд Макклелланның атағы әлемге таныла бастады. Кәсіпқой боксқа келуі де кездейсоқ болған жоқ. Ол әуесқой бокста жүргенде Рой Джонсты жеңген. Кейіннен Рой Джонстың атағы таныла бастағанда, оны жеңген боксшыға да көңіл бөлінді. Десе де екі боксшының аты да әлемге бір уақытта таныла түсті. Бокссүйер қауым Джеральд Макклеллан мен Рой Джонс арасында жекпе-жек уақытын күтіп жүрді. Бірақ, бұл жекпе-жек өткен жоқ. Олар тек достар ғана болып қалды... 

Кәсіпқой боксқа ауысқан Джеральд Макклеллан 10 жекпе-жегін ойдағыдай өткізді. Нәтижесінде америкалық білікті бапкер Эммануэль Стюардтың көзіне түседі. Ол енді ғана ірі жекпе-жектердің табалдырығынан аттап келе жатқан боксшыны өзінің шәкірттерінің қатарына шақырады. Боксшы да оған келісімін береді. Себебі, оның әлемге танылуына берілген бір мүмкіндік екені даусыз еді.

Эммануэль Стюардқа Джеральд Макклелланның қарсыласын жылдам соққының астына алып, жұдырықтасуды тез аяқтап қоюы ұнамайды. Ол шәкіртінің салқынқандылық танытып, сабырлы, байсалды қалпында жұдырықтасқанын қалайды, және үйрете бастайды. Бапкер Джеральдты төзімділікке шыдау үшін оттегі өте аз жаттығу залында жаттықтырады. Арнайы қиын жаттығулар жасатады. Сонымен қатар, боксшыны диета ұстауға да үйретеді.

Бұл арнайы жаттығулар Джеральд Макклелланның спорттық бабының жаңа қырын ашады. Жас боксшының талабына тәнті болған Эммануэль Стюард оны ең мықты шәкірті ретінде есептейді.

Джеральд Макклеллан бапкері Эммануэль Стюардтың ақылын тыңдап, сабырлы, асықпай, «ақылды» жұдырықтасуға тырысады. Бірақ, сонда да оның қарсыластары оған бірінші раундтан кейін-ақ жеңіліп қала берді. Тіпті, орта салмақта WBO белбеуі үшін угандалық Джон Мугабиге қарсы өткізген жекпе-жегінің өзі бар болғаны 3-ақ минутқа созылған. Нәтижесінде 1991 жылы әлем чемпионы атанды. Ал оны жанкүйерлері G-Man деп атап кетті.

Америкалық боксшы WBO чемпиондық белбеуін иеленгеннен кейін WBC белбеуі үшін Джулиан Джексонмен жұдырықтасты. Джулиан да әлі жеңілмеген мықты боксшы еді. Бірақ, Макклеллан оны бірінші раундта 3 рет нокаутқа, екінші раундта 1 рет нокаутқа жіберіп, айқын басымдықпен бұл атақты да жеңіп алды.

Ірі жеңістен кейін Джеральд Макклелланға сол кездегі танымал әрі «сөзінде көп тұра бермейтін» промоутер Дон Кинг келісімшарт ұсынды. Боксшы мұны қабыл алады.

Джеральд Макклеллан бокс әлеміндегі танымал тұлғалардың біріне айналып шыға келді. Оның жеке қорында жүз мыңнан аса АҚШ доллары «шашылып» жатты. Оның соққысының жойқын күшке ие екеніне мән берген достары «кіші Тайсон» деп те атап кетті. Жанкүйерлері Макклелланды күндіз де, түнде де тосып жүретін еді. Одан қолтаңба алудың өзі бір ғанибет саналды. Оның әр қадамын тілшілер мен телеарна қызметкерлері аңдып жүретін жағдайға да жетті. Отбасылы болды. Үш баланың әкесі атанды. Одан өзге көңіл қосқан құрбысы ( модель) да болды.

Боксшы ит төбелесіне аса құмартқан. Тіпті, өзінің питбуль итін баспасөз мәслихаттарына да алып барады екен. Бірде бір бапкері боксшымен ит төбелесіне барады. Джеральд Макклелланның иті жеңіліс тауып, ауыр жарақаттан өлгелі жатқанда, боксшы оны атып тастайды. Оны өз көзімен көрген бапкері кейіннен: «ол шаршы алаңда тура питбуль секілді болды, соңына дейін өліспей беріспейтін еді» - деп еске алады...

Бапкері Эммануэль Стюард пен Джеральд Макклеллан жиі сөзге келіп қала берді. Оның себебі – жекпе-жекті боксшының жылдам аяқтауы еді. Америкалық боксшы жылдам жеңіске жеткенді жақсы көрді. Ал бапкері мұны қаламады. Нәтижесінде екеуінің жолы екі айырылып кете барды.

Бірде боксшының промоутері Дон Кинг Джеральд Макклелланды екінші орта салмаққа ауысып, ағылшындық WBC белбеуінің иегері Найджел Беннмен жұдырықтасуға ұсыныс тастайды. Сондай-ақ бұл салмақта Рой Джонста бар болатын. Макклеллан британдық боксшымен жұдырықтасуға келісім береді. Ал мақсаты – Рой Джонспен кездесу болады.

Британдық жанкүйерлер Найджел Беннді алақанына салып, бар жағдайын жасайды. Өз жерінде өтетін жекпе-жекте жеңіске жетуді мақсат тұтады. Ал Джеральд Макклеллан болса, британдық боксшыны қауқарлы қарсылас санамайды. Жаттығуын да азайтып, диетасын мүлде ысырып тастайды. Есесіне, Найджел Бенн жаттығу залына түнеп жаттығады. Десе де, спорт мамандары бұл жекпе-жектің айқын фавориті ретінде америкалық боксшыны атады.

Жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда Джеральд Макклеллан Лондондағы британдық боксшы Брэдли Стоунға арнап қойылған ескерткішке арнайы барады. Бұл ескерткіш 1994 жылы шаршы алаңда қаза тапқан боксшының құрметіне қойылған болатын. Ескерткіштің алдына келген америкалық боксшы: «нокаутқа түскенше, Брэдли Стоун секілді көз жұмған артық» - деген екен...

Джеральд Макклеллан гонк үні естілісімен Найджел Беннді соққының астына алады. Әдеттегідей, жылдам жеңіске жетуді көздейді. Бірінші раундта-ақ британдық боксшыны бірнеше рет ұрып құлатады. Бірақ, жекпе-жектің басына шыдаса, соңына қарай өзінің де кезегі келетінін білген Найджел Бенн барынша шыдап бағуға тырысады. Ол үшін бесінші раундқа дейін «таяқ жеуге» төтеп беруі керек еді. Оның үстіне қалың көпшілік оны зор қошеметпен қолдады. Бес раундқа төтеп берген британдық одан ары қарай өз күшіне міне бастады. Тең нәтижемен жұдырықтасумен келді. Тек тоғызыншы раундта барып, Джеральд Макклелланның өз бабында емес екені анық байқалды. Британдық боксшының да жағдайы мәз емес еді. Ауыр соққылардан жағы сынып кеткен болатын. Бірақ, оның адреналині жоғары болды.

Макклелланды мәңгі ұмыттырған сәт 10-шы раундта орын алды. G-Man өзін басқарудан мүлде қалғандай көрінді. Бапкерлері мен промоутері ақ орамал тастаулары тиіс болатын. Бірақ, олар тастаған жоқ. Ал америкалық боксшы болса кездесуді жалғастыра берді. Найджел Беннің кезекті бір соққысы Джеральд Макклелланды тізерлетті. Қайта тұрып жұдырықтасқанмен, қайта тізерледі. Төрешінің онға дейін санағанын күтіп, одан кейін өз бұрышына қарай аяңдай басып барып есінен танды...

Ал бұл сәтте Найджел Бенн өз жеңісін дүркіретіп тойлап жатты. Джеральд Макклелланның промоутері Дон Кинг болса, өз боксшысын ұмытып, британдық боксшының жанынан бір елі қалмай қатар жүрді. Нәтижесінде ол Джеральд Макклелланды ит секілді жеңілдің деп мазақтап, Найджел Беннге келісімшартқа қол қойдырып алды. Ал бұл кезде Джеральд Макклеллан ажалымен арпалысып жатқан болатын.

Америкалық боксшыны шаршы алаңнан дәрігерлер алып шықты. Ол бірден жансақтау бөліміне түсіп, миына аса ауыр ота жасалды. 11 күн есін жинай алмаған G-man-ның үлкен боксқа қайта оралмайтыны анық белгілі болды.

Джеральд Макклеллан сол жекпе-жектен кейін мүгедек жанға айналды. Көзі дұрыс көрмей, құлағы да естуден қалды. Қазіргі таңда оның біржылдық еміне 70 000 АҚШ доллары жұмсалады екен. Ал оның гонорарлары мен жиған қаржысы әлдеқашан таусылып кеткен. Боксшыдан отбасы да теріс айналған. Өзі де жарымжан болса да әпкесі боксшыны асырап келеді. Ал достары болса Джеральд Макклелланды тастап кеткен жоқ. Жыл сайын әр елде қайырымдылық жарыстарын ұйымдастырып, түскен қаржыны боксшыны емдеуге жұмсайды. Олардың қатарында Рой Джонс та бар. Боксшының әпкесі қиналған кезде Джеральд Макклелланның чемпиондық белбеулері мен медальдарын сатып та тұрады. Ал Лондондағы жекпе-жекте боксшыны соңына дейін жұдырықтастырып, ақша үшін бір жанның өмірімен ойнаған промоутері Дон Кинг пен бапкерлері сол күннен кейін-ақ барлығын ұмытып кеткен. Кейінннен есігін келіп қақпапты да. Ал үлкен бокстағы екінші бір тынысын ашқан бапкері Эммануэль Стюард боксшымен ренжісіп кеткенін өміріндегі үлкен бір қателігі санайды екен.

Джеральд Макклеллан кейде есін де жоғалтып алады. Ол өзінің суреттерін көргенде: «мен шынымен осындай даңқты тұлға болғанмын ба?» - деп таңданады екен.

Иә, 1995 жылғы 25 ақпандағы (Лондон) жекпе-жек Джеральд Макклелланның жанын қалдырғанмен, бар өмірін ұрлап кетті...

Сурет: sport.rbc.ru

Оқи отырыңыз

Моңғол елінің «Қаршығасы» атанған қазақ балуаны жайлы не білесіз?

GGG чемпиондық атағын ең көп қорғаған боксшылардың үштігіне енді

Қаһарына мінген «Қайрат» ойыншысы кім? (видео)

11 жасында спорт шеберлігіне үміткер атанған жас таеквондошылар

Ө. Сансызбай