Пакьяо мен Мейвезер арасындағы «ғасыр жекпе-жегі» өтпеуі мүмкін

Пакьяо мен Мейвезер арасындағы «ғасыр жекпе-жегі» өтпеуі мүмкін

Кәсіпқой бокстан жартылай орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Амир Хан филиппиндік Мэнни Пакьяо мен америкалық Флойд Мейвезер арасындағы жекпе-жектің болмайтынын ашық жеткізді. Бұл туралы «fightnews» басылымы хабарлап отыр.

- Менің ойымша Мэнни Пакьяо мен Флойд Мейвезер арасындағы «ғасыр жекпе-жегіне» баланып отырған кездесу ешқашан болмайды. Мен екі боксшымен әңгіме-дүкен құрып көрдім. Сондықтан барлық жағдайды білемін десем болады. Бұл жекпе-жектің маңында қаншама саясат, қаншама тұлғалар, қаншама қызығушылық бар. Кездесудің «құпиясы» оңай ашыла салмайтыны анық, - деген британдық боксшы.

Осыған дейін «Top Rank» промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум болса жекпе-жекті ұйымдастыру үшін өткізіп жүрген келісімшартынан шаршағанын хабарлаған еді.

- Мен ары қарай не болатынын білмеймін. 50 жылдан бері боксшылар арасындағы келісімшартты реттеп келемін. Бірақ, дәл осындай бір-бірімен ымыраға келмейтін жағдайға тап болмаппын. Қысқасы шаршадым, - депті.

Бүгінде әлем жұртшылығы Мэнни Пакьяо мен Флойд Мейвезер арасындағы жекпе-жекті күтуде. Филиппиндік боксшы қарсыласымен жұдырықтасудан ешқашан қашқан емес. Ал америкалық боксшы болса келісімшартқа келісер емес. Тіпті, жақында ХХІ ғасырдың теңдессіз қос боксшысының жекпе-жегін көруге ниет білдірген араб шейх­тері Флойд Мейвезерге: «eгер Әбу-Дабиге келіп, Пакьяомен жұдырықтасатын болсаң, 120 миллион АҚШ дол­лары көлемінде сыйақы аласың. Жеңсең де, жеңілсең де айтылған қаржыны санап береміз» деген ұсыныс айтқан-ды. Бірақ, жеңілістің дәмін татып көрмеген америкалық боксшы тағы да үнсіз қалды.

Флойд Мейвезер WBA тұжырымы бойынша суперчемпион болса, Мэнни Пакьяоның 8 салмақ дәрежесі бойынша чемпион және экс-чемпион деген атағы бар. Америкалық боксшы кәсіпқой бокста 47 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған. Ал Мэнни Па­кьяо кәсіпқой рингте 64 кездесу өт­­кізіп, 57 рет жеңіске жеткен. 38 қар­­сыласын есінен тандырса, 5 рет ұтылып, 1 жекпе-жегінде тең түскен.

Айта кетейік, Флойд Мейвезер қазіргі таңдағы әлемдегі ең бай спортшылардың тізімінде көш бастап тұр.

Сурет: youfight.info

Оқи отырыңыз

Әйгілі Мэнни Пакьяо «Жаһан аруы – 2014» байқауына қазылық жасады

Берік Әбдірахманов APB чемпионы атағын қалай жеңіп алды? (видео)

Головкин келесі кездесуін Калифорнияда өткізеді

О. Сансызбай