Әйгілі Мэнни Пакьяо «Жаһан аруы – 2014» байқауына қазылық жасады

 Әйгілі Мэнни Пакьяо «Жаһан аруы – 2014» байқауына қазылық жасады

WBO жүйесі бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы танымал филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо «Жаһан аруы – 2014» байқауының қазылар алқасы құрамында болды. Ол қатысушыларға сұрақ қойып, белсенділік танытты.

Филиппиндік боксшы ірі жарыстарда алғаш рет қазылар алқасы қатарынан көрініп отыр екен. Негізгі кезеңде ол АҚШ елінің намысын қорғаған аруға сұрақ қойған. 

- Егер саған 30 секунд ішінде әлемдегі лаңкестерге бірауыз үндеу айтуға мүмкіндік берсе, сен не айтар едің? - деген сұрақ қойған боксшы. Ал америкалық ару төмендегідей жауап беріпті.

Сізге белгілі, мен АҚШ аруы ретінде әрқашан үміт, махаббат және тыныштықты сұраймын. Ендеше оларға да (лаңкестерге де) осы үндеуімді жеткізген болар едім - депті.

Боксшы тілшілерге берген сұқбатында, қазылық жұмысын 2015 жылғы ірі жекпе-жектері алдындағы көңіліне қуаныш сыйлаған айтулы іс-шара ретінде бағалапты.

Айта кетейік, 63-ші рет ұйымдастырылған АҚШ еліндегі «Жаһан аруы – 2014» байқауына 88 сұлу қатысты. Өкінішке орай, еліміздің атынан бақ сынаған Айдай Исаева алғашқы үздік 15 сұлудың қатарына ене алмай қалды. Жеңімпаз болып колумбиялық ару Паулина Вега танылды. 

Сурет:ftw.usatoday.com

Ө. Сансызбай