Тьерри Анри тележүргізуші болады

Тьерри Анри тележүргізуші болады

Француз футболының аңыз тұлғаларының бірі – Тьерри Анри спорттық мансабына нүкте қойды. Бұл туралы футболшының өзі мәлімдеді.

37 жастағы Тьерри Анри жасыл алаңда доп теппесе де, сүйікті ісінен алшақтамақ емес. Алдағы уақытта британдық «Sky Sports» телеарнасында спорт сарапшысы ретінде жұмысқа тұрмақ. Футболшы тележүргізуші ретінде тың жобаларымен жанкүйерлерін қуантатынын да жеткізді. Сонымен қатар, спорттық мансабында қолдау білдірген барша жанкүйерлері мен әріптестеріне алғыс білдірді.

- Футбол – менің 20 жыл серігім болды. Енді қоштасқалы отырмын. Өте ауыр. Барлық жанкүйерлерім мен футболшыларға алғыс білдіремін. Әсіресе, мен өнер көрсеткен «Монако», «Ювентус», «Арсенал», «Барселона», «Нью-Йорк Ред Буллз» және Франция ұлттық құрамасындағы әріптестеріме алғысым шексіз, - деді Анри.

Тьерри Анри спорттық мансабында футболшы арманындағы атақтардың талайын иеленді. 1998 жылы ұлттық құрама сапында әлем чемпионы атанса, араға екі жыл сала Еуропа чемпионы атағына қол жеткізді. Сонымен қатар, Еуропаның бірнеше маңдай алды футбол ұжымдарының намысын қорғап, талай байрақты бәсекелерде мергендігімен көзге түскен. Ендеше спорттық мансабына қысқаша шолу жасап кетейік.

Тьерри Анри спорттық мансабын француздың «Монако» командасында бастады. 1994-1999 жылдар аралығында клубта өнер көрсетіп, барлығы 141 кездесуден 28 гол соққан.

Туриндік «Ювентус» сапында бір маусым ойнаған Тьерри Анри өзін толықтай көрсете алмады. 16 ойыннан 3 гол ғана соқты. Нәтижесінде бағын ашқан лондондық «Арсеналға» ауысып кетті.

Тьерри Анридың да спорттық мансабының шарықтаған кезіне лондондық клуб сай келді. «Арсенал» сапында француз футболшысының жұлдызы жанды. Әлемге танылды. Барлығы 254 ойынға қатысып, 174 гол соққан. 

«Арсенал» командасынан кейін француз футболшысы Каталонияға жол тартты. 2007-2010 жылдар аралығында «Барселона» сапында 121 ойын өткізіп, 49 гол соқты.

«Барселона» командасынан кейін Тьерри Анри АҚШ-тың «Нью-Йорк Ред Буллз» командасына ауысты. MLS чемпионатында да футболшы аянып қалған жоқ. Командасы үшін 52 гол соғып, жергілікті жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айнала білді.


Тьерри Анридың Франция ұлттық құрамасына да сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Ол барлығы 123 ойынға қатысып, 51 рет мергендігімен көзге түскен. 

Спорттық мансабын аяқтаған Тьерри Анриге танымал футболшылар құрмет көрсетіп, флешмоб ұйымдастыруды да бастап кетті. 

Сурет: footblogger.ru

Ө. Сансызбай